Шымкенттегі Orbid Auto кеңістігінде қазақтың дәстүрлі кілем өнерін дәріптейтін SHE RUG көрмесі өтіп жатыр. Экспозицияға он шебер әйелдің 50-ге жуық жұмысы, гобелен өнерінің үлгілері мен бейнеинсталляциялар қойылған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық мұра мен заманауи өнер тоғысы
Көрменің негізгі мақсаты – заманауи өнерді ұлттық мұрамен ұштастырып, біртіндеп қолданыстан шығып бара жатқан көне қолөнер дәстүрін қайта жаңғырту. Мұнда еліміздің оңтүстігіндегі ауылдық елді мекендерде тұратын ісмер әйелдердің қолынан шыққан текемет, түкті кілем және түрлі тоқыма бұйым ұсынылған.
Әр туындының өзіндік тарихы мен айтар ойы бар. Киізден басылып, жіптен тоқылған бұйымдар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын және ұлттық болмысын бейнелейді. Кілем бетіндегі ою-өрнек, түс пен композиция арқылы адам болмысы, тарихи жады, мәдени мұра және әйел тағдыры секілді маңызды тақырыптар ашылады.
Жоба ұйымдастырушысы Сандуғаш Бейсенбекованың айтуынша, 1990 жылдары шекара ашылып, нарықты шетелдік кілемдер басқан кезде жергілікті шеберлердің еңбегіне сұраныс күрт төмендеген.
«Сол кезеңде қолөнермен айналысқан әйелдер өздерін қажетсіз сезіне бастады. Арада 30 жыл өтті. Бүгінде әжелеріміз 60–70 жасқа келді. Олар осы уақыт ішінде халық өнерін сақтап, ұрпаққа жеткізген дәстүрдің шынайы қорғаушылары. Қазір қамқорлық жасамасақ, асыл мұрамыздан біржола айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан осы жобаны бастадық», – деді жоба ұйымдастырушысы Сандуғаш Бейсенбекова.
Көне шеберлік құпиясы кейінгі буынға жетеді
Көрмеге қатысқан он шебердің бірі Жанагүл Бекболатова галереяға өзі тоқыған түкті кілемдері мен тоқыма бұйымдарын алып келген. Оның сөзінше, мұндай көрмелер ұлттық қолөнердің жоғалып кетпеуіне және шеберлік құпиясының кейінгі буынға берілуіне ықпал етеді.
Келушілер ісмерлердің қайталанбас еңбектерін тамашалап, кілем тоқудың ерекшелігімен жақын танысты. Бұған дейін Астанада ұйымдастырылған SHE RUG жобасын алдағы уақытта Қазақстанның өзге қалаларында да өткізу жоспарланған. Шымкенттегі көрме 12 желтоқсанға дейін жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







