Грузияда жасырынып жүрген қазақстандық кәсіпкер елге экстрадицияланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол мемлекетке 1,3 млрд теңге салық төлемей, жалған шот-фактураларды ұйымдастырғаны үшін айыпталуда.
Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Қаржы мониторингі агенттігі бірлесіп, Тбилиси қаласында бой тасалап жүрген күдіктіні елге қайтарды. Тергеу материалдарына сәйкес, 2023-2024 жылдары Алматы қаласында компания басқарған азамат заңсыз жолмен жалған шот-фактуралар жазып, мемлекетке ірі көлемде залал келтірген.
Қылмыстық істің деректері бойынша, компания ешқандай нақты қызмет көрсетпестен, қағаз жүзінде ғана жұмыстар атқарып келген. Нәтижесінде бюджетке 1,3 млрд теңге салық төленбей, мемлекетке экономикалық залал келтірілген.
Күдікті қыркүйек айында Грузияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілген бойда уақытша ұстау изоляторына қамалды. Енді ол жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған қоса, мүлкі де тәркіленбек.
Осы іс бойынша сыбайласы саналатын азаматша биыл сәуір айында нақты мерзімге сотталып, жазасын өтеп жатыр.
Осыған дейін Мәсімовтің бұғалтыры болған Айгүл Нұриеваның экстрадициядан қашқан маршруттары туралы зерттеу шығарған болатынбыз.

