Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша 225 қазақстандық грант иегері атанды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Халықаралық бағдарламалар орталығы жариялаған тізімге сәйкес, грант иелерінің басым бөлігі магистратурада оқитындар. Биыл олардың саны – 152. Докторантура бағыты бойынша 16, ал кәсіби тағылымдамаға 57 азамат аттанбақ.
Грант иегерлерінің 70 пайызы техникалық және жаратылыстану мамандықтарын таңдаған. Қалған 30 пайыздан астамы гуманитарлық бағыттарда білім алады.
Сондай-ақ, биыл 182 қазақстандық ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Мұндай бағдарламалар елдегі ғылым мен өндіріс саласын озық технологиялармен қамтамасыз етуде үлкен маңызға ие.
Айта кетейік, бағдарлама алдағы уақытта кеңейтілмек. 2026 жылдан бастап жасанды интеллектіні тәжірибе жүзінде қолданатын мамандарды даярлауға арнайы бағыт ашылады. Бұдан бөлек, атом энергетикасы саласы бойынша мамандар даярлау үшін магистратура мен ғылыми тағылымдамаларға бөлек санат енгізілмек.
Бұған дейін дәрігер Жасұлан Темірбай «Болашақ» бағдарламасына қатысты даулы пікір білдірген. Оның сөзінше, сұхбат барысында комиссия мүшесінің бірі «Сіз (орысша) акцентпен сөйлейсіз, Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деп мәлімдеген.

