Президент Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өткен жылдың қорытындысын шығарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы 2025 жыл Қазақстан үшін табыс пен өркендеудің кезеңі болғанын атап өтті. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, ел экономикасы 6 пайызға өскен. Алтын-валюта қоры 62 млрд доллардан асқан. Инфрақұрылым саласында ауқымды жобалар іске асып, Достық – Мойынты теміржол желісінің екінші торабы пайдалануға берілді, 13 мың шақырым автомобиль жолы салынып, күрделі жөндеуден өтті.
Ауыл шаруашылығында да жақсы нәтижелерге қол жетті. Қазақстандық диқандар қатарынан екінші жыл мол өнім жинап, салаға мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған 1 триллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.
Әлеуметтік бағытта ел аумағында 19 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бір жылдың ішінде жүзден аса жаңа мектеп пен 200-ге жуық медициналық мекеме бой көтерген.
Президент 2026 жылды Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Мемлекет алдағы уақытта ел экономикасын жаңғырту, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік саланы ілгерілету және «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыруды жалғастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев мереке кезінде жұмыста жүрген азаматтарға ерекше алғыс білдірді. Президент халық игілігі үшін жауапкершілікпен қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы жастар мен балаларға да арнайы тоқталды. Ол бүгінгі ұрпақтың жаңа құндылықтар мен тың мүмкіндіктер заманында өмір сүріп жатқанын айтты. Жастарға Абайдың еңбек пен ақыл туралы сөзін еске салып, қайратты, табанды, мақсатқа берік болуға шақырды.
Сөз соңында Президент ел халқына денсаулық, табыс пен бақ-береке тілеп, әрбір үйге шаттық, бейбіт өмір мен ынтымақ тіледі.
«Барша отандастарға мықты денсаулық, бақ-береке, жаңа жетістіктер тілеймін! Әр үй қуанышқа толып, еліміз бейбіт өмір мен келісімде болсын! Көк туымыз әрқашан биік желбіреп, Қазақстанымыз гүлдене берсін!» – деді Президент.

