Соңғы бірнеше күн бойы YouTube сервисінің баяулап қалуы қазақтардың қанын қайнатып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазақтелекомның» Instagram-дағы парақшасында видеолардың дұрыс жүктелмейтініне шағым айтқан қолданушылар көбейген.
Пікір жазушылар YouTube-тың не себепті жиі қатып қала беретінін сұрап, видеолардың ұзақ жүктелетініне наразылық білдіруда. Көбісі видео атаулы мүлдем ашылмайтынын айтып жатыр.
Әдетте барлық шағымдарға бірдей стандартты жауап беріп, колл-орталықтың «160» нөміріне немесе WhatsApp-қа жазуға кеңес беретін компания халықтың шағымына құлақ асуға мәжбүр болыпты.
Ашуға мінген қолданушының пікірінен кейін жағдайды ушығуынан қорыққан «Қазақтелеком» кері жауап қатыпты.
«Бұл бір ғана адамға қатысты емес, барлығына ортақ мәселе. Елдің бәрі YouTube дұрыс істемейтінін айтып жатыр. 160-қа хабарласыңыз деген шаблонды жауаптың қажеті қанша?!», – деп жазған еді әлгі қолданушы.
Компания осыдан кейін жағдайды ашып жеткізіпті. «Қазақтелекомның» хабарлауынша, ел аумағында интернет жылдамдығының төмендеуіне байланысты арнайы өтінім ашылып, мамандар мәселені шешуге кіріскен.
«Қазір осы бойынша мамандар жұмыс істеуде. Мәселені жақын уақытта реттейміз деп сенеміз. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытуларыңызды өтінеміз», – дейді «Қазақтелеком» өкілі.
Дегенмен мәселенің нақты қашан шешілері әзірше белгісіз. Ал қолданушылар болса танымал видеосервистің бұрынғыдай жылдам істегенін тағатсыздана күтуде.

