Қазақстанда мал шаруашылығында еңбек ететін азаматтарға арналған әлеуметтік және қаржылық қолдау тетіктерін кеңейту көзделіп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Астанада 2026-2030 жылдарға арналған агробизнесті, оның ішінде мал шаруашылығы саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар таныстырылды. Құжатта фермерлер мен кәсіпкерлерді қолдаумен қатар, дала тіршілігінің негізгі тірегіне айналған шопандар мен бақташыларға арнайы жеңілдіктер қарастырылған.
Жоспар аясында шопандар мен бақташылар үшін зейнет жасын төмендету ұсынылып отыр. Сонымен қатар осы салада жұмыс істейтін азаматтарға мерзімді әскери қызметтен кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.
Тағы бір маңызды бағыт олардың балаларына білім беру гранттарын басым тәртіппен ұсыну. Мемлекеттік органдардың пайымынша, мұндай шаралар мал шаруашылығында әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, жастарды ата кәсіпті жалғастыруға ынталандырады.
Құжатты таныстырған Аманғалий Бердалин әлеуметтік қолдаумен қатар, агробизнеске арналған қаржылық тетіктерге де ерекше мән берілгенін атап өтті. Мемлекет асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие ұсынбақ.
Айналым қаражатын толықтыру үшін 5 пайызбен кредит беру мүмкіндігі де қарастырылған, мұнда салалық шектеулер болмайды. Бұған қоса, отгонды мал шаруашылығын дамытуға арналған бірыңғай 6 пайыздық кредиттік өнім енгізіледі.
Бердалиннің айтуынша, қаражат жем-шөп сатып алуға, жанар-жағармайға, ветеринариялық препараттарға және өндірістік қажетті өзге де шығындарға бағытталуы мүмкін. Барлық қаржылық бағдарламалар мемлекеттік кепілдіктермен қамтылып, «Даму» институты арқылы іске асырылады. Мұндай тәсіл фермерлерге тәуекелсіз инвестиция жасауға жол ашады.
Кешенді жоспарды әзірлеу барысында фермерлер қауымдастығы, ғылыми орта, қаржы саласының мамандары мен бизнес өкілдері белсенді қатысқан. Соның ішінде Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары ескерілген.
Жұмыс тобы тоғыз отырыс өткізіп, фермерлер мен сарапшылардан түскен 154 ұсынысты қараған. Мал шаруашылығына өсімдік шаруашылығы қожалықтарын тарту, шопандарға арналған тұрғын үй құрылысына субсидия беру, қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарын қолдау мәселелері де назардан тыс қалмаған.
Республикалық сүт және аралас тұқымды ірі қара палатасының QazaqSut директоры Азамат Сағынбаев фермерлердің барлық ұсынысы ескерілгенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл құжат саланың дамуына оң әсер етіп, агроөнеркәсіп кешенінің орнықты моделін қалыптастыруға негіз болады.
Жоспар АӨК дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысында бірауыздан мақұлданды. Алдағы бес жылға арналған құжат мал шаруашылығын қолдаудың жүйелі тетігін қалыптастырып, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді көздейді.
Ел азаматтарының зейнетақы жинағын басқаруға берілген жеке компаниялардың жұмысы өткен жылы табыстылығы жоғары болған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

