Франция Қарулы күштері Украинадағы соғыс тәжірибесіне сүйене отырып, брондалған техника көздеушілерін дрон басқаруға қайта оқытып, армия тарихындағы алғашқы мамандандырылған дрон эскадрильясын жасақтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Танк зеңбірегінен дрон пультіне дейін
Францияның 1-теңіз жаяу әскері полкі өзінің жеңіл кавалериялық үш эскадрильясының бірін түбегейлі қайта құрып, «1-аңшы дрон эскадрильясы» атты жаңа соғыс бөліміне айналдырды. Құрылым шамамен 120 әскери қызметшіден тұрады, оның 100-ге жуығы – тікелей ұшқышсыз аппараттарды басқаратын операторлар. Жауынгерлер барлау дрондарын, соққы беруші FPV құрылғыларын және камикадзе-дрондарды бір мезгілде басқарады. Мұндай тәсіл әуеден барлау мен дәл соққы жасау мүмкіндігін қатар қамтамасыз етеді.
Әскерилердің жаңа салаға бейімделуі нақты мысалдардан көрінеді. 21 жастағы капрал Игорь бұған дейін AMX-10 RC бронды көлігінде 105 миллиметрлік зеңбіректі нысанаға көздеген болса, қазір Майи-ле-Камп әскери полигонында FPV соққы аппараттарын шөп арасында отырып басқарады.
«Біз мамандығымызды өзгертіп жатырмыз, заман көшіне сай бейімделу өте маңызды», – деді бұрынғы танкіші, қазіргі дрон операторы капрал Игорь.
Халықаралық жаттығулардағы нақты сынақ
Арнайы дрон эскадрильясын құру туралы бастама 2023 жылдың соңында көтерілген. Жаңа құрылымның тиімділігі алғаш рет 2025 жылдың мамыр айында Эстонияда өткен «Hedgehog» халықаралық әскери жаттығуында сыналды. Онда француз эскадрильясының 10 ұшқышы құрама тактикалық топ сапында америкалық Bradley бронды машиналарына қарсы іс-қимыл жүргізді.
Эстониядағы жаттығу кезінде топ құрамының небәрі 5 пайызын құраған дрон ұшқыштары қарсылас техникасы мен күшін жоюдың 20 пайызын бір өзі қамтамасыз етті.
Жоғары нәтижеден кейін Франция армиясының бас штабы 2026 жылдың сәуірінде эскадрильяның толық жауынгерлік дайындыққа көшкенін ресми түрде жариялады. Осыдан соң өткен «Orion 2026» ауқымды маневрлерінде эскадрилья шартты қарсыластың төрт полктік командалық пункті мен логистикалық керуендеріне ойдағыдай соққы жасады. Барлау дрондары майдан шебінің тереңіндегі нысандарды тез тауып, оларды артиллерия мен соққы дрондарының нысанасына айналдырған.
Соққы қашықтығы және армия көлеміндегі жоспар
Қазіргі уақытта жаңа құрылым FPV дрондарының соққы жасау радиусын 10 шақырымға дейін жеткізуге басымдық беріп отыр. Бұл майдан шебінен әлдеқайда алшақ жатқан маңызды логистикалық және басқару орталықтарын қауіпсіз қашықтықтан талқандауға жол ашады.
Франция Құрлық әскерлерінің бас штабының бастығы генерал Жак де Монгроның айтуынша, 2027 жылдың жазына қарай армия сапында дәл осындай 15 арнайы дрон-соғыс бөлімшесі сапқа тұрады. Қазірдің өзінде француз дроншылары НАТО-ның шығыс шекарасын нығайту бойынша Румыниядағы «Aigle» миссиясына жіберілді және алдағы уақытта Польшадағы бірлескен жаттығуларға да қатысады. Бұл Батыс елдерінің әскери доктринасы заманауи дрон қауіптеріне сай жедел қайта құрылып жатқанын көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







