Ғалымдар орбитада адамдар тұратын станциялар мен ғылыми кешендерді құрастырудың мүлдем тың әдісін сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Адамзаттың Ай мен Марста база салу, сондай-ақ жаңа орбиталық станцияларды іске қосу жоспары барған сайын күшейіп келеді. Дегенмен бүгінгі ғарыш кемелерінің жүк көтеру көлемі шектеулі. Осы мәселені шешу үшін инженерлер TESSERAE деп аталатын өздігінен құралатын магнитті тақталар жүйесін ойлап тапты.
Орбитадағы құрылыстың жаңа тәсілі
Жүйенің негізін массачусетс технологиялық институтында докторлық диссертация қорғаған Ариэль Экбло қалаған. Қазіргі таңда ол бұл жобаны коммерцияландырумен айналысатын Aurelia Institute ұйымы мен Rendezvous Robotics компаниясын басқарады. Жаңа әзірлеме арқылы тегіс тақталар зымыран ішіне бірінің үстіне бірі тығыз орналастырылып, орбитаға шығарылады. Салмақсыздық кеңістігінде арнайы электро-тұрақты магниттер, шағын камералар мен жасанды интеллект көмегімен бір-бірімен дербес түрде байланысады.
Бөлшектер өзара кіріккеннен кейін пайда болған нысанның саңылаулары бекітіліп, ішіне қысыммен ауа толтырылады. Нәтижесінде ол ғарышкерлер өмір сүруге болатын толыққанды мекенге айналады.
«Олар өздерін ғарышқа жеткізген зымыранның көлемінен әлдеқайда үлкен кешенге өздігінен біріге алады», – деді Aurelia Institute жетекшісі Ариэль Экбло.
Бұл тәсіл ғарышта қиял-ғажайып фильмдердегідей ірі нысандарды адамның көп күшін шығындамай-ақ тұрғызуға жол ашады.
Халықаралық ғарыш станциясындағы жаңа сынақ
Құрылымның алғашқы шағын үлгілері 2020 және 2022 жылдары Халықаралық ғарыш станциясында сәтті тексерілген. Енді алдағы желтоқсан немесе қаңтар айында жаңа сынақ өтеді. Жаңартылған тақталардың шеттерінде бір-бірін дәл табуға арналған арнайы бейнебақылау тетіктері бар. Сынақ сәтті өтсе, модульдер алғаш рет станция ішінде шар тәрізді пішінге өздігінен бірігеді.
Жобаның коммерциялық әлеуетін арттыру мақсатында Rendezvous Robotics стартапы жуырда 20 миллион доллар инвестиция тартты. Компания енді өлшемі бірнеше футқа жететін үлкен тақталарды жасауға кіріседі.
Балама шешімдер мен модульдік бейімділік
1990 жылдардың соңынан басталған ХҒС құрылысы ондаған зымыран миссиясын, сондай-ақ ашық ғарыштағы күрделі қол еңбегі мен манипулятор-роботтарды талап еткен еді. Қазір жеке компаниялар тиімдірек жолдарды қарастырып жатыр. Мәселен, Sierra Space пен Max Space ұйымдары орбитада үрленетін модульдерді дамытуда. Еуропалық ғарыш агенттігі метеорит шаңынан, ал Қытай ғалымдары ай топырағынан құрылыс блоктарын өндіруді зерттеп жүр.
Алайда магнитті тақталардың үлкен артықшылығы – олардың пішінін қалаған уақытта өзгертуге болатындығында. Вена технологиялық университетінің сәулетшісі және ғарыш зерттеушісі Сандра Хойплик-Мойсбургер бейімделгіш құрылымдардың маңызы жоғары екенін жеткізді.
«Мұндай сәулет өте пайдалы, өйткені бір нысанды салып, жиырма жылдан кейін оны басқа мақсатқа қайта бейімдеуге болады. Қазір бұл салада нағыз қарбалас жүріп жатыр», – деді Сандра Хойплик-Мойсбургер.
Мамандар бұл технологияны алдымен байланыс антенналарына, орбиталық күн панельдеріне және ғарыштық жасанды интеллект деректер орталықтарына қолдануды көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







