Көлік күтімі мен оны жөндеу жүргізушілер үшін қомақты шығынға айналуы мүмкін. Ақау уақытында байқалмаса, қарапайым техникалық мәселенің өзі автосервисте қымбат жөндеуді талап етеді. Мұндай артық шығындардың алдын алуға арналған арнайы цифрлық көмекшілер жүргізушілердің қалтасын қағудан сақтайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Автокөлік саласының мамандары мен жүргізушілердің тәжірибесіне сүйене отырып, техникалық қызмет көрсету станцияларына барар алдында қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беретін бес негізгі мобильді қосымша анықталды.
Carfax Car Care: техникалық күтім мен нарықтық құн
Carfax ұсынған бұл сервис көліктің ағымдағы жағдайы мен тарихын толық бақылауға арналған. Бағдарлама май ауыстыру, дөңгелектерге қызмет көрсету, техникалық байқау және зауыттық кері қайтарып алу (recall) кезеңдерін автоматты түрде қадағалап отырады. Нәтижесінде жүргізушілер қажеті шамалы процедураларға артық ақша жұмсамайды. Сонымен қатар қосымша жақын маңдағы шеберханалардың бағалау рейтингін көрсетеді әрі көліктің қазіргі құнын анықтауға көмектеседі.
Электрлі көліктердің кейбірі алғашқы бес жыл ішінде бастапқы құнының 50 пайыздан астамын жоғалтады. Мұндай бағдарлама нарықтық бағаны тұрақты бақылап, көлікті тиімді сатуға немесе айырбастауға мүмкіндік береді.
Car Scanner ELM OBD2: қымбат диагностиканы алмастыратын шешім
Қозғалтқыштың «Check Engine» белгісі жанғанда жүргізушілер көбіне бірден автосервиске жүгінеді. Алайда Car Scanner ELM OBD2 бағдарламасы арқылы ақаудың себебін үй жағдайында-ақ анықтауға болады. Ол үшін көлікке шағын сымсыз OBD-II адаптерін (мысалы, Bluetooth немесе Wi-Fi арқылы қосылатын құрылғы) жалғау жеткілікті.
Жүйе қателік кодтарын оқып, олардың нақты мағынасын түсіндіреді. Сондай-ақ қозғалтқышты салқындатқыш сұйықтықтың температурасы мен датчиктердің көрсеткіштерін онлайн көрсетеді. Пайдаланушылардың айтуынша, тегін қосымша құны жүздеген доллар тұратын кәсіби сканерлерден кем түспейді.
1A Auto: 23 мыңнан астам нұсқаулық видео
Көліктегі кейбір ұсақ-түйек жөндеу жұмыстарын тәжірибесіз жүргізушілердің өзі орындай алады. 1A Auto қосымшасы көлік бөлшектеріне толық сипаттама беріп, жөндеу тәсілдерін қадам-қадаммен көрсетеді. Тіпті салалық мамандар бұл ресурсты жас техниктерді оқыту үшін де пайдаланады.
Платформадағы 23 мыңнан астам бейне нұсқаулық көліктегі қарапайым бөлшектерді өз бетінше ауыстырып, шеберлердің қосымша еңбекақысына кететін қаржыны үнемдеуге жол ашады.
AutoZone Auto Parts & Repair: бөлшектерді арзан бағамен табу
Шеберханалар көбіне қосалқы бөлшектерді нарықтан қымбат бағаға ұсынады. AutoZone мобильді бағдарламасы қажетті бөлшектерді алдын ала салыстырып, ең тиімді бағамен сатып алуға көмектеседі. Мысалы, аккумулятор істен шыққан жағдайда, жүргізуші қосымша арқылы тиімді жеңілдіктерді көре алады. Мұнда VIN-код немесе нөмір белгісі бойынша бөлшектің көлікке дәл келуін тексеруге арналған кіріктірілген құрал бар.
VIN Report: ескі көлікті сатып алудағы қауіпсіздік
Көлік жөндеуге кететін ең үлкен шығындардың бірі — бұрын апатқа ұшыраған немесе күтімі нашар көлікті байқамай сатып алумен байланысты. iSeeCars әзірлеген VIN Report қосымшасы көліктің сәйкестендіру нөмірін сканерлеп, оның толық тарихын шығарып береді. Онда техникалық ақаулар, жол апатына түсу жағдайлары, ұрлық деректері мен нарықтық бағасы толық қамтылады. Бұл мәлімет көлік иесін сатып алған күннен бастап шеберхана жағалап кетуден қорғайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







