Николас Мадуромен бірге ұсталған жұбайы Силия Флоресті Венесуэладағы ең ықпалды әйелдердің бірі болған, деп жазады Ertenmedia.kz.
АҚШ арнайы жасағы 3 қаңтарға қараған түні Каракаста Венесуэла басшысы Николас Мадуроны ұстау кезінде оның жұбайы Силия Флоресті де қамауға алған. Қоғам назарында көбіне Мадуроның өзі жүргенін білеміз. Бірақ режимді зерттеген сарапшылар Силия Флоресті елдегі ең ықпалды саяси фигуралардың бірі деп сипаттап отыр.
Чавестен Мадуроға дейін
Силия Флорес 1956 жылы Венесуэланың солтүстік-батысындағы шағын ғана Тинакильо қаласында дүниеге келген. Жергілікті тұрғындардың естелігіне қарағанда, оның отбасы бастапқыда жер еденді қарапайым лашықта тұрған. Кейінірек отбасы Каракасқа көшкен.
Оқудағы үлгерімі арқасында Флорес жекеменшік университетке түсіп, қылмыстық құқық мамандығын меңгерген. Студент кезінде полиция бөлімшесінде жұмыс істеп, сол кезеңде саясатқа айрықша қызығушылық танытпағаны айтылады.
Өмірлік бағыты 1989 жылы күрт өзгерді. Экономикалық дағдарыс аясында елде жаппай тәртіпсіздіктер басталады. Сол кезде Флорестің ішінде «революциялық серпіліс» оянған. 1992 жылы Уго Чавес сәтсіз мемлекеттік төңкеріс жасап, түрмеге қамалды. Сол тұста Силия Флорес алғаш рет көзге түсті.
Ол бүлікшілерді қорғаған заңгерлер тобының құрамында болып, 1994 жылы Чавестің бостандыққа шығуына ықпал еткен. Дәл осы кезеңде ол болашақ жары Николас Мадуромен танысқан. Сол жылдары Флорес алғашқы күйеуінен ажырап, үш баласын тәрбиелеп отырған. 1997 жылға қарай Чавестің президент болып сайлануын қамтамасыз еткен сайлау штабының құрамына енді.
Чавес билікке келгеннен кейін Флорес Венесуэла саясатындағы ең ықпалды әйелге айналды. 2000 жылы ол Мадуромен бірге Ұлттық ассамблея депутаты болып сайланды.
2007 жылы парламент спикері қызметіне көтеріліп, ел тарихында бұл лауазымды иеленген алғашқы әйел атанды. Осы тағайындаудан кейін парламент аппаратында кадрлық өзгерістер жүргізіп, ондаған қызметкерді өзіне жақын адамдармен алмастырғаны жөнінде деректер бар.
Венесуэла элитасы және есірткі ісі
Reuters агенттігінің есептеуінше, жаңа тағайындаулар арасында оның туған-туыстары мен бұрынғы жұбайы да болған. 2012 жылы Уго Чавес Флоресті бас прокурор қызметіне тағайындады. Ол бұл лауазымды Чавес қайтыс болған 2013 жылға дейін атқарды. Сол жылы Мадуро президент болып сайланған соң, олар ресми түрде некеге тұрды.
2013 жылғы сайлау науқаны кезінде Мадуро жұбайын «алғашқы жауынгер» деп атап, «бірінші ханым» ұғымынан бас тартқан. Сарапшылардың айтуынша, осы кезеңде Флорес көпшілік назарынан шеткері көрінгенімен, нақты ықпалын жоғалтпаған. Университет Симона Боливардың доценті Кармен Артеага оны «тақтың артындағы күш» ретінде сипаттайды.
2018 жылы оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо сайлау нәтижесін мойындамай, билікті құлатуға шақырған кезде, Флорес арнайы қызметтерге барлық ақпаратты тікелей өзіне жеткізу жөнінде тапсырма бергені айтылды.
Бұрынғы барлау басшысы Мануэль Кристофер Фигераның сөзінше, ол әрдайым сахна сыртында қалып, негізгі тетіктерді өз қолында ұстаған. Reuters-пен сөйлескен ондаған дереккөз Флоресті «есепшіл әрі жабық саясаткер» деп сипаттайды. АҚШ президенті Дональд Трамптың алғашқы жылдарындағы Латын Америкасы бойынша кеңесшісі Фернандо Куц оның Мадуродан кейінгі ең ықпалды тұлға екенін ашық айтқан.
Силия Флорестің аты халықаралық деңгейде 2015 жылы тағы бір іспен аталды. Гаитиде оның екі жиені Кампо мен Франки Флорес ұсталып, АҚШ-қа ірі көлемде кокаин жеткізуге талпынды деген айыппен сотталды.
Олар Венесуэлада «наркожиендер» деген атауға ие болды. Reuters дереккөздерінің мәліметінше, тергеу барысында жиендер мен Флорестің арасындағы хат-хабарлар да зерттелген. АҚШ айыптау актісінде бұл мәміледен түскен қаржы Флорестің парламенттік сайлау науқанын қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін деген болжам айтылған. 2022 жылы олар Венесуэлада қамауда отырған жеті америкалыққа айырбасталды.
Тақ артындағы әйел
АҚШ тергеуінде маңызды куәгер ретінде Флорестің бұрынғы он жылдан астам уақыт бойы жеке күзетшісі болған Язенки Ламас аталады. Ол Колумбияда ұсталып, АҚШ-қа экстрадицияланғаннан кейін тергеумен келісімге келіп, Флорестің кокаин саудасынан хабардар болғанын мәлімдеген. DEA-ның бұрынғы жоғары лауазымды өкілі Майк Виджил бұл куәліктерге ерекше мән берілетінін айтқан. Венесуэлада Чавес пен Мадуро тұсында бас прокурор болып жұмыс істеген Заир Мундарай Флоресті елдегі жемқорлық жүйесінің негізгі фигураларының бірі деп сипаттайды.
Силия Флореске 2018 жылдан бері АҚШ санкция салған. Қаңтардың басында ұсталғаннан кейін ол жұбайымен бірге Нью-Йоркке жеткізіліп, сот алдына шығарылды. Айыптау тарапы оларды наркотерроризмге сөз байласу, АҚШ-қа кокаин жеткізу, автоматты қару мен жарылғыш заттарды сақтау баптары бойынша жауапқа тартты. Айыптау мәтінінде Флорестің 2007 жылдар шамасында ірі наркоторговец пен Венесуэланың есірткіге қарсы қызмет басшысы Нестор Ревероль Торрес арасындағы кездесуді ұйымдастыру үшін пара алғаны туралы эпизод та бар.
Сотта Силия Флорес өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарып, өзін кінәсіз деп мәлімдеді. Айыптар дәлелденген жағдайда оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Келесі сот отырысы 17 наурызға белгіленген.
Айтпақшы, Венесуэланың уақытша үкіметі АҚШ-қа 30-дан 50 миллион баррельге дейін санкцияға іліккен жоғары сапалы мұнай жеткізіп тұратын болды. Бұл Трамптың талабы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

