Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының Turkistan газетіне берген сұхбатында айтылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында әкім шағын және орта бизнесті қолдау, туризмді дамыту, әлеуметтік саладағы бастамалар мен білім беру жүйесін жетілдіруге ерекше назар аударды.
Қаладағы кәсіпкерлік саладағы жетістіктерге тоқталған әкім бүгінде Алматыда 405 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұрғанын айтты.
Шағын және орта бизнес қаланың экономикасына қосып отырған үлесі 60%-ға жеткен, ал осы секторда еңбекке жарамды тұрғындардың шамамен 90%-ы жұмыспен қамтылған. 2025 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінен қала бюджетіне 1,2 трлн теңге салық түсімі түскен.
Туризм бағытында да көрсеткіштер көңіл қуантады. 2025 жылдың 9 айында Алматыға келген туристер саны 1,9 миллион адамға жетіп, туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 82,4 миллиард теңгеге өскен.
2026 жылы Алматыда 350 шақырым тау соқпақтарын абаттандыру, қалада түнгі қауіпсіздікті күшейту, көшелер мен мәдени нысандарды жарықтандыру жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ, тәулік бойы қызмет көрсететін «24/7 қала» моделін енгізу көзделген.
Әлеуметтік қолдау саласында да ауқымды жұмыстар атқарылып, 2025 жылы шамамен 330 мың адам атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған. Ал білім беру жүйесіне 2026 жылы 432 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға, сапалы білім мен қолжетімді әлеуметтік қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді.
Алматыда ауаның ластануын кезең-кезеңімен азайтуға бағытталған жаңа ережелер қабылданды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

