Стенд атудан Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Әсем Орынбай 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына ел қоржынына алғашқы лицензияны жеңіп алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дохадағы тартыс және финалдық сайыс
Қатар астанасы Доха қаласында стенд атудан өтіп жатқан лицензиялық әлем чемпионатында қазақстандық мерген «скит» бағдарламасында жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Іріктеу кезеңінде Әсем Орынбай 125 нысананың 121-ін дәл көздеді. Нәтижесінде бірнеше спортшының көрсеткіші тең түсіп, финалға жолдама беретін қосымша атыс өткізілді. Қосымша сынның қорытындысы бойынша отандасымыз сегізінші орынмен шешуші кезеңге өтті. Финалда 24 нысананың 20-сын атып түсірген спортшы бесінші орынға табан тіреді.
Олимпиадалық квота қалай берілді?
Әлем біріншілігінде жүлделі үш орынды түгелдей Қытай атқыштары иеленді. Алтын медаль Цзян Итинге, күміс Чэнь Юйфэйге, ал қола жүлде Цзян Чаоюйге бұйырды. Төртінші орынды Словакия мергені Моника Штибрава еншіледі.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің түсіндіруінше, бесінші орынның өзі қазақстандық спортшыға олимпиадалық нормативті орындауға толық мүмкіндік берді.
«Олимпиада ойындарының іріктеу ережесі бойынша, әлем чемпионатында әр жеке жаттығуда үш квота сарапқа салынады. Бір мемлекет тек бір ғана жолдама ала алады. Алғашқы үш орынды Қытай спортшылары иеленгендіктен, қалған екі лицензия тиісінше Словакия мен Қазақстан өкілдеріне бұйырды», – деп нақтылады ҰОК өкілдері.
Комитет жеңіп алынған бұл олимпиадалық лицензияның жеке спортшыға емес, елге тиесілі квота екенін атап өтті.
Әсем Орынбайдың спорттағы тәжірибесі
33 жастағы Әсем Орынбай бұған дейін Токио-2020 және Париж-2024 жазғы Олимпиадаларында ел намысын қорғаған. Оның Олимпиада ойындарындағы ең үздік нәтижесі – 12-орын.
Сонымен қатар мерген 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2022 жылғы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, Азия чемпионы және әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







