Ғалымдар Сахара шөлінен табылған қызғылт түсті сирек метеорит Марс ғаламшарының 4,1 миллиард жыл бұрын қалыптасқан ең көне тау жыныстарының бірі екенін растады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Teghaza 001 деп аталған ғарыш тасы Қызыл ғаламшардың алғашқы геологиялық тарихын, соның ішінде беткі қабаты мен қойнауында сұйық судың болғанын дәлелдейтін жаңа деректерді ұсынды. Зерттеу нәтижелері Science ғылыми журналында жарияланды.
Сахара құмынан табылған сирек олжа
Бұл ғарыш тасын метеорит іздеушілер 2022 жылы Батыс Африкадағы Мали аумағында, тұзды жазық маңынан тапқан болатын. Жалпы салмағы шамамен 800 грамм болатын жәдігер сегіз бөлшектен тұрады. Олардың ішіндегі ең үлкен сынықтың салмағы 442 грамды құрайды.
Бастапқыда оның қайдан келгені белгісіз болған. Кейіннен жүргізілген химиялық және минералдық талдаулар оның Марс қыртысынан үзіліп түскенін көрсетті. Бүгінге дейін Жер бетінен Қызыл ғаламшарға тиесілі 435 метеорит табылса, олардың арасында Teghaza 001 ерекше құрамымен және жасымен дараланып отыр.
Жерде тіршілік басталған дәуірдің куәгері
Калифорниядағы NASA Реактивті қозғалыс зертханасының ғалымы, зерттеу авторы Янг Лю жаңа үлгінің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл тас Марс мантиясынан көтерілген магманың суып, қыртысқа айналу процесін көрсетеді.
«Бұл – өте сирек кездесетін ежелгі марстық метеорит. Ол бізге Жерде алғашқы тіршілік енді ғана қалыптаса бастаған шақтағы Марстың алғашқы қыртысы мен мантиясын зерделеуге бірегей мүмкіндік береді», – деді Янг Лю.
Ғалымдар метеориттің жасын анықтау үшін құрамындағы циркон кристалдарына уран-қорғасын изосистемасы бойынша талдау жасады. Калифорния технологиялық институтының геохимия мамандары бір тал минерал түйірін жеке бөліп зерттейтін аса дәл әдісті қолданды.
Марстағы су мен магманың әрекеттесуі
Зерттеу барысында анықталған ең басты жаңалықтардың бірі – осы тастың құрамындағы су әрекетінің ізі. Ғалымдардың сараптамасы кем дегенде 4,1 миллиард жыл бұрын Марс қыртысына сұйық су сіңіп, ыстық жыныстармен және магмамен әрекеттескенін дәлелдеді.
«Ғылыми жұмыстың сарапшылары бұл жәдігерді Марстың сулы өткенін түсінуге жол ашатын ғарыштық „Розетта тасы“ деп атады».
Бұл нәтижелер Қызыл ғаламшардың ерте дәуірде әлдеқайда жылы, ылғалды және геологиялық тұрғыдан белсенді болғанын растайды. NASA орбиталық аппараттары арқылы Марстың оңтүстік қыраттарынан алынған спектрлік деректер мен табылған метеорит құрамы өзара толық сәйкес келген.
Ғарыштағы миллиондаған жылдық саяхат
Ғалымдардың пайымдауынша, алып астероид немесе комета Марс бетіне құлаған кездегі жойқын соққы тасты ғарыш кеңістігіне ұшырып жіберген. Ол ғарышта Күнді айналып миллиондаған жыл бойы ұшып жүріп, кейін Жердің тартылыс күшіне ілінген.
Қазіргі уақытта адамзатқа Марс тарихының ерте дәуірінен сыр шертетін үш-ақ метеорит белгілі: Антарктидадан табылған атақты Allan Hills 84001, «Қара сұлу» лақап атымен танымал NWA 7034 және енді Сахарадан шыққан Teghaza 001. Жаңа табылған жәдігер Марстың не себепті қатал әрі құрғақ шөлге айналғанын анықтауға көмектеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







