Шетелде білімін толықтырып жүрген журналист Айжан Көшкенова Ирандағы толқуға байланысты, ирандық досының ойын жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Италияда тұратын ирандық досымнан тіке сұрадым: «Сен шынымен билік елдегі наразылықты басып тастай алмайды деп ойлайсың ба?». Ол:
– Иранда осыған дейін де талай рет жаппай шерулер болған еді. Сол кезде мыңдаған адам қаза тапты, он мыңдаған адам түрмеге жабылды. Жараланғандардың есебі жоқ. Жақында ғана соңғы 48 сағат ішінде 2 мың адамның қаза тапқанын оқыдым, – дейді ирандық жас.
– Бірақ олар енді халықты бұрынғыдай басып-жанши алмайды. Себебі қорқытып-үркіту өз әсерін жоғалтты. Қазір Иранда үнсіз қалу айғайлап көшеге шығудан да ауыр болып кетті. Халық қатты шаршады. Діннің атын жамылған саясаттан, шектен шыққан сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық жүйеден жалықты. Сондықтан олар міндетті түрде кетуі керек, – деп ойын ортаға салыпты ирандық жас.
Бүгінгі ирандықтардың билікке наразылығы сонша, олар жарты ғасырға кері шегініп, 1979 жылғы Ислам революциясына дейінгі монархияның қайта орнауын армандайды. Тіпті сол кездегі жүйенің кемшіліктерін де уақытша ұмытуға даяр.
– Иран тарихының негізгі кезеңінде монархия болған, – дейді досым. – Сол кезде біздің төлқұжатымыз әлемдегі ең сенімді құжаттардың бірі еді. Әке-шешеміз әлемнің көптеген елдеріне визасыз еркін саяхаттайтын. Ұлттық валютамыз ше? Ислам революциясына дейін 1 доллар 70 риал тұратын болса, қазір 1,4 миллион риалға жетті! – дейді ирандық жас.
Қазір бүкіл Иранда көшеге шыққан миллиондаған халық бір есімді қайталайды Реза Пехлеви. Ол Иранның соңғы шахының ұлы. АҚШ-та тұратын «тәжсіз ханзада» халықты аятоллалар билігіне қарсы күресті тоқтатпауға шақырып, елге оралуға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Бұл миллиондаған ирандықтардың жүрегінде жарқын болашаққа деген үміт отын жақты.
Бірақ негізгі мәселе басқа. Пехлевидің өз партиясы да, қазіргі элитаны алмастыратын реформатор жақтастары да, елді түбегейлі жаңартатын нақты бағдарламасы да жоқ. Иранда негізгі демократиялық институттар мен механизмдер қалыптаспаған. Мұндай жағдайда «аятолланы шахқа алмастырғаннан» елде тез арада шынайы өзгерістер бола қоя ма деген сұраққа досымның жауабы мардымсыз.
Дегенмен, бір нәрсе анық Иранда 47 жылдан бері мұз болып қатқан сең бұзылды. Теократиялық басқару жүйесінің ескіргені, өміршең еместігі айқын дәлелденді. Оның өзгеруі немесе толықтай жойылуы тек уақыттың еншісіндегі мәселе.
Иранда жұрт абыр-сабыр болып жатқанда, АҚШ президенті Дональд Трамп өзін Венесуэла президентінің міндетін атқаратынын жария етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

