Қазақстанда жанармай бағасының өсуіне жарияланған мораторий әлі күшінде. Ал 2027 жылдан бастап баға кезең-кезеңімен нарықтық сипатқа көшіріледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Энергетика министрлігі жақын арада бензин бағасын күрт көтеру жоспарда жоқ екенін мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, 2027 жылдан ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы іске қосылғанымен, бұл көрші елдермен бағаны бірден теңестіруді білдірмейді.
«Қазір Қазақстанда АИ-92 маркалы бензиннің бағасын өсіруге мораторий қойылған. Мұндай шара инфляцияны тежеу мақсатында қабылданды. Мораторий мерзімі аяқталғанша мемлекет ішкі нарықтағы ахуалды бақылауда ұстайды», – делінген министрлік хабарламасында.
Энергетика министрлігінің өкілі Әсел Серікпаеваның айтуынша, интеграциялық келісім біртіндеп іске асады. Бұл ретте Қазақстан өз азаматтарының табысы мен ұлттық мүддені ескеріп, тұтынушыларды баға күрт өсетін жағдайға жеткізбеуге тырысады.
Сонымен қатар министрлік көрші елдермен бағадағы үлкен айырмашылық «сұр экспортқа» және ішкі нарықтағы тапшылыққа әкелуі мүмкін екенін мойындады.
«Жанармай нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін үш мұнай өңдеу зауытының модернизациясына, сондай-ақ төртінші зауыттың құрылысына инвестиция қажет. Сондықтан мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін жанармай бағасы нарыққа бейімделе бастайды, алайда бірден қымбаттауға жол берілмейді», – деп атап өтті ведомство.
Осыған дейін мұнай нарығының сарапшысы Олег Червинский 2026 жылы Қазақстанда бензин бағасы өсуі мүмкін екенін ескерткен еді. Оның сөзінше, ЕАЭО-дағы ортақ нарық туралы келісім Қазақстанды Ресей және Қырғызстанмен бағаны теңестіруге итермелеуі ықтимал. Ал мұндай жағдайда жанармайдың күрт қымбаттау қаупі бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

