Алматыда Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтына тиесілі активтердің жеке меншікке өтуіне байланысты сот процесі аяқталды.
Медеу аудандық соты 2019 жылы жасалған келісімді заңсыз деп танып, мемлекет пайдасына қайтаруға шешім шығарды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Прокуратура тексеру барысында институт активтерінің жекешелендірілуі заң талаптарын өрескел бұза отырып жүзеге асқанын анықтаған.
Сот осыған орай, құны 300 миллион теңгеден асатын мүлікті қайтадан мемлекеттік меншікке қайтаруды міндеттеді.
Айта кетейік, бұған дейін аталған институт атышулы Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысы бар заңсыз жекешелендіру істерінің қатарында аталған еді. Тергеушілер сол кездегі Мәдениет министрлігі басшылығының мемлекеттік мекемелерге тиесілі активтерді туыстары мен жақын адамдарының атына аударғанын мәлімдеген. Мемлекетке келген алдын ала есептелген жалпы шығын көлемі шамамен 7 миллиард теңгені құраған болатын.
Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдың аралығында мәдениет министрі болды. Кейінгі үш жылда Ұлттық музейге басшылық еткен. Экс-министрдің тұсындағы күмәнді келісімдер жалғыз бұл емес. Бұған дейін біз Алматыдағы құны 2,6 млрд теңге тұратын «Баспалар үйінің» небәрі 343 млн теңгеге жеке қолға өтіп кеткенін жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







