Посткеңестік кеңістіктегі ірі экономика мен табысты кәсіптер көбіне мемлекет басшыларының күйеубалалары, жиендері мен жақын туыстарының жеке бақылауына өтіп отырғаны жасырын емес. Бүгінде Қазақстанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы әрі бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласы Азамат Кәпеновтің өз бизнесінен қалай айырылғаны туралы мәлімдемелері қызу талқылануда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кезінде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев те «Өкіл қайната» кітабы арқылы елде үлкен дүмпу туғызған еді. Саяси билік пен отбасылық бизнестің шырмалған байланысы көрші елдерде де дәл осындай сипат алған. Мұның айқын дәлелі ретінде Қырғызстанның «АЮ Холдинг» компаниясының жетекшісі Шаршенбек Әбдікәрімовтің естеліктері жарияланды. Кәсіпкер кейінгі жылдары Қырғызстан ҰҚМК бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиев тарапынан рейдерлік қысымға ұшырағанын, ал кезінде оның кәсібін Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаевтың үлкен қызына үйленген қазақстандық күйеубала Әділ Тойғанбаев тартып алуға тырысқанын еске алады.
«Аю» зауыты қалай тұзаққа түсті?
Оқиға 2005 жылдың қаңтарында өрбиді. Ол кезде «Аю» зауыты бес айдан бері тоқтап тұрған еді. Аралас комиссия құрамына алкоголь инспекциясы, санэпидстанция, салық және мемлекеттік стандарт өкілдері кіріп, кәсіпорынды мөрлеп тастайды. Тексеріс қарашада аяқталып, ешқандай заң бұзушылық таппаса да, зауыт жұмысына рұқсат берілмейді.
Кейін белгілі болғандай, комиссияға тікелей келісімге келуге жол бермеу мақсатында Әділ Тойғанбаевтың сенімді адамы әдейі қосылған. Бұл тексеріс заң үстемдігі үшін емес, табысты зауытты тығырыққа тіреу үшін ұйымдастырылған. Кәсіпкер мәселені шешу үшін әуелі президенттің ұлы Айдар Ақаевқа шыққанымен, ол елдегі алкоголь саласын толықтай Әділ Тойғанбаев бақылайтынын айтып, араласудан бас тартады. Амалсыздан қазақстандық таныс кәсіпкерлердің дәнекерлігімен Тойғанбаевтың қабылдауына баруға тура келеді.
Швейцариядағы таныстық және сәнге құрылған неке
Кәсіпкер Тойғанбаевтың күту бөлмесінде отырып, Бермет Ақаеваның сұхбаты жарияланған журналды көреді. Онда президенттің қызы күйеуі екеуінің талғамы, өнерге, әдебиетке деген көзқарасы мен киім стилі бірдей екенін, тіпті қол сағаттары да бір маркалы екенін айтып мақтанған. Бұл сәтте Әбдікәрімовке сегіз жыл бұрын естіген әңгімесі еріксіз ойға оралады.
Бір танысының айтуынша, Әділ Берметпен танысуға ұзақ уақыт бойы тыңғылықты дайындалған. Ол президент қызының қандай кітап оқитынын, қандай музыка тыңдайтынын, мінезін жан-жақты зерттеген. Тіпті Бермет білім алып жүрген Швейцариядағы экономикалық форумға Қазақстан делегациясының құрамында арнайы барып, қыз тағатын фирманың сағатын тағып, сондай брендтерді киіп шыққан. Президент қызының назарын аудару үшін ол бірінші әйелімен де ажырасқан көрінеді.
«Қарабалтаның спиртін біз айтқан бағамен аласың»
Тойғанбаевтың кабинетінде Асқар Ақаевпен, Борис Ельцинмен, Нұрсұлтан Назарбаевпен, Александр Лукашенкомен және Рим Папасымен түскен салтанатты суреттер ілініп тұрған. Қабырғадағы алып теледидардан Украинадағы Қызғылт сары революция оқиғалары үздіксіз көрсетіліп жатады.
Кәсіпкер зауыттың бес ай бойы негізсіз жабылғанын айтып шағымданғанда, Тойғанбаев еш саспастан өз шарттарын көлденең тартады: «Аю» зауыты спиртті тек Қарабалта кәсіпорнынан белгіленген жоғары бағамен сатып алуы керек. Қаржының бір бөлігі ресми түрде Қарабалтаға, ал екінші бөлігі Қазақстанға аударылуы тиіс екені ескертіледі. Жұмыс орындары мен салық туралы уәжге президенттің күйеубаласы тіксінбей бірден жауап қатады.
«Маған салық төлегенің бәрібір. Зауыттың жұмыс істегенін қалайсың ба, әлде пломбаланған күйі тұра бергенін қалайсың ба?» – деді Әділ Тойғанбаев.
«Бірдеңе болса, жарты сағатта Георгиевкада боламын»
Дәл осы келіссөз кезінде экраннан Украина алаңдарындағы қалың халық шеруі, баррикадалар мен айқай-шу көрсетіліп жатқан еді. Тойғанбаев экранға біраз уақыт телміріп қарап қалады да, басын бұрмастан жағдайдың өзгеруі мүмкін екенін меңзейді.
«Егер бірдеңе болса, жарты сағатта Георгиевкада боламын», – деп салқынқанды түрде айтып қалды Әділ Тойғанбаев.
Бұл сөзден елде жаппай тәртіпсіздік немесе төңкеріс басталса, бір сәтте Қазақстан шекарасы арқылы Георгиевкаға (Қордай маңы) қашып үлгеретінін білдірген үрей сезілетін. Кеше ғана мызғымас биліктің бір бөлшегі саналған адамның бойында үлкен қорқыныш байқалды.
Әңгіменің соңында Тойғанбаев ештеңе болмағандай кейіп танытып, әйелі Бермет балаларға арналған кітап шығарып жатқанын алға тартып, 50 мың доллар көлемінде спонсорлық қаржы талап етеді. Кәсіпорын жетекшісінің бұл талаптарға көнуден басқа амалы қалмаған еді. Алайда сол кездесуден кейін көп ұзамай, 2005 жылдың наурызында Қырғызстанда «Қызғалдақ революциясы» бұрқ етіп, Ақаевтар әулетінің билігі түбегейлі күйреген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







