Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін сақтау және газдан уланудың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар қолға алынғанын Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында айтылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірдің барлық аудандары мен қалаларында «Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемелері құрылуы тиіс еді. Алайда Жетісай, Мақтаарал және Бәйдібек аудандарында бұл мекемелер әлі құрылмаған, қазіргі таңда олар тек сектор ретінде жұмыс істеп отыр. Бұдан бөлек, облыста арнайы құрылған жұмыс топтарына жалпы саны 925 адам кірген.
Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Оның айтуынша, өрт және газ қауіпсіздігін сақтау бойынша арнайы жоспарлар бекітіліп, барлық қала-аудан әкімдіктеріне жолданған.

Жұмыстың барысы күнделікті бақылауда. Бүгінге дейін облыс аумағында 272 мың профилактикалық іс-шара өткізілген. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұратын 2254 тұрғын үйдің мұржалары тазартылып, аудандық инспекциялар арқылы газ жабдықтарындағы 6627 кемшілік жойылған. Сондай-ақ облыс бойынша 131 мың газ датчигі орнатылған.
Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров қала және аудан әкімдеріне өрт қауіпсіздігін бұзу фактілері бойынша әрбір жағдайды терең талдап, себептерін нақтылауды және қауіп деңгейі жоғары аумақтардағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Түркістан облысы елді мекендерді бас жоспармен қамту көрсеткіші бойынша республика көлемінде алтыншы орында тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

