Парламент Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясында әскер орналастыру мен тасымалдауға қатысты келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарауға алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан мәлімдеді.
Құжат ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында әскери күштерді уақытша орналастырудың құқықтық негіздерін нақтылайды.
Бұрын әскер тек қауіпсіздікке тікелей қатер төнгенде жұмылдырылатын болса, енді бұл тізімге дағдарыстық жағдайлардың алдын алу, гуманитарлық көмек көрсету және кенеттен тексеру жүргізу секілді жаңа міндеттер қосылып отыр.
Комитет аталған заң жобасын жан-жақты зерделеп, ресми қорытынды дайындамақ.
Сонымен қатар депутаттар назарына ұсынылған екінші заң жобасы 2015 жылы қабылданған әскер мен әскери мақсаттағы мүлік тасымалдау туралы келісімге енгізілетін түзетулерге қатысты. Түзетулердің басты мақсаты тасымалдауға байланысты құқықтық тәртіпті жаңғыртып, жедел шешім қабылдау мен міндеттерді дереу орындауға мүмкіндік жасау. Әсіресе, күтпеген, төтенше жағдайлар кезінде жылдам әрекет етуге басымдық берілмек.
Айта кетелік, бұған дейін біз Сергей Лавровтың Тасмағамбетовтен кейінгі ҰҚШҰ тағдырына алаңдап отырғанын жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

