Заманауи көліктердегі цифрлық қызметтер жол жүруді айтарлықтай жеңілдетті. Бүгінде жүргізушілердің басым бөлігі Google Maps бағдарламасын қолданса да, Toyota соңғы үлгідегі автокөліктеріне меншікті навигациялық жүйесін енгізіп келеді. Автокөлік өндірушісінің арнайы сервисі мен танымал тегін қосымшаның мүмкіндіктерін салыстырған сарапшылар олардың негізгі айырмашылықтарын көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Toyota Drive Connect қандай мүмкіндіктер ұсынады?
Жапондық алпауыттың Drive Connect деп аталатын меншікті навигациялық жүйесі соңғы төрт жылда шыққан Toyota және Lexus көліктерінде қолжетімді. Ол Toyota Connected Services цифрлық экожүйесінің құрамына кіреді. Смартфон экранына тәуелді қосымшалардан айырмашылығы, бұл кешен автокөліктің орталық мультимедиа экранына толықтай бейімделген.
Жүйе нақты уақыттағы бұлтты мәліметтер базасына сүйенеді. Жол кептелісін, жөндеу жұмыстары мен тосын кедергілерді дер кезінде анықтап, ең оңтайлы бағытты ұсына алады. Сонымен бірге оған машиналық оқытуға негізделген интеллектуалды виртуалды көмекші орнатылған. Ол дауыстық бұйрықтарды лезде қабылдап, мекенжайды іздеуге, қоңырау шалуға немесе музыка қосуға мүмкіндік береді.
Toyota-ның Drive Connect сервисі жасанды интеллект негізіндегі көмекшімен қатар, бағыт таңдауға көмектесетін нақты тірі оператор қызметін де ұсынады.
Жүйенің ерекше қызметтерінің бірі — Destination Assist функциясы. Қажет болған сәтте жүргізуші арнайы операторға байланысқа шығып, қажетті нысанды немесе жақын маңдағы орындарды нақты адамның көмегімен тікелей навигаторға енгізе алады.
Ай сайынғы ақы және техникалық шектеулер
Drive Connect сервисінің артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Біріншіден, ол тек белгілі бір маркалы жаңа көлік иелеріне ғана қолжетімді. Екіншіден, өндіруші жүйенің толыққанды жұмысын ақылы жазылымға байлап қойған.
Сынақ мерзімі аяқталған соң, жүргізушілер навигацияны пайдалану үшін айына шамамен 15 доллар көлемінде тұрақты төлем жасауы қажет. Төлем тоқтатылған жағдайда бұлтты карталар мен көмекшінің негізгі артықшылықтары шектеледі.
Google Maps несімен ұтымды?
Көпшілік үйренген Google Maps Drive Connect ұсынатын барлық арнайы қызметтерді қамтымауы мүмкін. Алайда оның кез келген бәсекелесінен асып түсетін маңызды тұсы бар.
Google Maps қосымшасының басты артықшылығы — оның толықтай тегін болуында әрі кез келген смартфон мен көліктің медиажүйесінде еркін істей беретіндігінде.
Қосымша ай сайынғы ақы талап етпейді. Оны смартфонда, веб-шолғышта немесе Apple CarPlay және Android Auto арқылы кез келген көлік экранында пайдалануға болады. Бұған қоса, аталған карта жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге, велосипедшілер мен қоғамдық көлік жолаушыларына да бағдар береді. Кейбір пайдаланушылар оның кейде тым айналма жолдарды таңдайтынын сынағанымен, әмбебаптығы жағынан ол әлі де көш бастап тұр.
Жүргізуші қай жүйені таңдағаны жөн?
Егер жүргізуші көліктің зауыттық жүйесімен тығыз үйлесімділікті, интеллектуалды дауыстық көмекшіні және нақты байланыс орталығының қолдауын қаласа, Drive Connect қолайлы құрал бола алады. Бірақ бұл үшін ай сайын тұрақты шығын шығаруға тура келеді.
Ал қосымша төлем жасағысы келмейтін, тұрақты жаңартулар мен әмбебап навигацияны бағалайтын көлік иелері үшін Android Auto немесе Apple CarPlay арқылы қосылатын Google Maps ең тиімді балама болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






