Күнделікті тұтынатын шай ағзаға тек сергектік емес, күтпеген қауіп те әкелуі мүмкін. Көпшілік шайды бұрқылдап қайнаған сумен демдеп, оны барынша ұзақ тұндыруға дағдыланған. Алайда гастроэнтеролог маман бұл әдет пайдалы сусынды керісінше зиянды қоспалардың қайнар көзіне айналдыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шай жапырағындағы ауыр металдар мен фтор қайдан шығады?
Шай өсімдігі топырақ пен қоршаған ортадан түрлі заттарды тез сіңіріп алатын ерекшелікке ие. Егер өнім экологиялық таза емес аймақта өсірілсе немесе сапасыз өңделсе, оның құрамында ауыр металдар мен фтордың мөлшері артып кетуі ғажап емес.
«Шай жапырақтары топырақтан ауыр металдар мен фторды белсенді сіңіреді, сондай-ақ өңдеу кезінде де қоршаған ортадан ластаушы заттар қосылуы мүмкін. Мұндағы басты қауіп бір кесе шайдан емес, өнім сапасы мен оны күнделікті тұтыну дағдысынан туындайды», – деп түсіндірді медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-гастроэнтеролог Евгений Белоусов.
Маманның айтуынша, сусынның қауіпсіздігі көбіне оның қалай әзірленетініне байланысты. Ыстық судың температурасы мен демдеу уақыты шикізат құрамындағы жағымсыз қоспалардың сұйықтыққа қаншалықты өтетінін тікелей айқындайды.
Қайнаған су мен ұзақ тұндырудың салдары
Көптеген адам демдеме неғұрлым ұзақ тұрса, шай соғұрлым қанық әрі пайдалы болады деп сенеді. Дәрігерлер бұл ұстанымның түбегейлі қате екенін ескертеді. Демдеу уақыты шектен тыс созылғанда жапырақтағы улы компоненттер шәйнекке бөліне бастайды.
«Шайды ұзақ тұндыру мен тым жоғары температура сусынға фтор мен кейбір ластаушы элементтердің көбірек бөлінуіне әкеледі. Сондықтан бұл жағдайда „неғұрлым ұзақ тұрса, соғұрлым пайдалы“ деген қағида жүрмейді», – деп ескертті маман.
Осыған байланысты шайды қайнап тұрған сумен емес, шамалы суыған ыстық сумен демдеп, көрсетілген уақыттан артық ұстамаған абзал.
Ақ шай мен қара шай: қайсысы қауіпсіз?
Шайдың қауіпсіздігі оның түріне де тікелей байланысты. Мысалы, жас өркендерден жиналатын ақ шай ересек жапырақтардан жасалатын қара шайға қарағанда әлдеқайда таза болып саналады. Өйткені уақыт өте келе ескірген жапырақтарда фтор мөлшері көбейе түседі.
Ал шөп шайлары мен арнайы қоспаларға келгенде тіпті мұқият болған жөн. Мұндай өнімдердің құрамы әртүрлі болатындықтан, олардың қай жерде жиналғаны мен зертханалық тексеруден өткені маңызды рөл атқарады.
Қалташадағы шай мен ірі жапырақты өнім
Қалташадағы шай ірі жапырақты шайдан міндетті түрде сапасыз деген қағида жоқ. Бірақ мұнда қаптама материалы мен сүзгінің сапасы үлкен мәнге ие. Зерттеулер кейбір синтетикалық қалташалардың ыстық суда микропластик бөлетінін дәлелдеген.
Сарапшылар термопластикалық қоспасы мен желімі жоқ, жіппен немесе металл қыстырғышпен бекітілген табиғи қағаз қалташаларды таңдауға кеңес береді. Сонымен бірге танымал әрі ірі өндірушілер өнім сапасын қатаң бақылайды.
Кімдерге ерекше абай болу қажет?
Шайдың құрамына балалар, жүкті әйелдер және бүйрек пен асқазан-ішек жолдарының созылмалы дерті бар науқастар ерекше назар аударуы тиіс. Олардың ағзасы үшін кез келген қосымша токсиндік жүктеме ауыр салдарын тигізуі мүмкін.
Жалпыға ортақ «қауіпсіз көлем» нормасы болмағанымен, қалыпты өмірде шайды шектен тыс көп ішпей, орташа мөлшерді ұстану ең дұрыс шешім саналады.
Денсаулыққа келер қауіпті қалай азайтуға болады?
Гастроэнтеролог кеңесіне сүйенсек, күнделікті шай ішу рәсімін қауіпсіз ету үшін бірнеше қарапайым ережені сақтау жеткілікті:
– Демдемені шәйнекте сағаттап қалдырмай, өз уақытында ішіп тауысу немесе сүзіп алу қажет;
– Тым қою шайды шектен тыс көп мөлшерде тұтынбаған жөн;
– Мүмкіндігінше өңдеуі ұқыпты жүргізілген ірі жапырақты өнімдерге басымдық берген дұрыс;
– Шыққан елі белгісіз арзан қоспалардан бас тартып, таңбалануы анық әрі сапасы тексерілген брендтерді таңдау қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







