Ас қорыту жүйесінің дұрыс қызмет етуі адамның жалпы көңіл-күйі мен бүкіл ағзаның саулығына тікелей әсер етеді, бірақ дәретханаға қаншалықты жиі бару керектігі жайлы сұрақ көпшілікті жиі мазалайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әр адамның ағзасы – дербес жүйе
Дәрігерлер қабылдауына келген емделушілерден ең жиі еститін сауалдардың бірі — «үлкен дәретке күніне неше рет отыру қалыпты?» деген сұрақ. Медицина мамандарының айтуынша, баршаға бірдей ортақ қатып қалған сан жоқ, өйткені әр адамның физиологиялық көрсеткіші әртүрлі болады.
Гастроэнтеролог Асма Хапраның пікірінше, күніне бір реттен үш ретке дейін дәретке бару қалыпты саналады. Бастысы, адамның іші ауырмаса, қандай да бір қолайсыздық пен ауырлық тудырмаса, онда ас қорыту жүйесі талапқа сай жұмыс істеп тұр деген сөз. Дәретханаға бару жиілігі адамның күнделікті дағдыларымен де тығыз байланысты: жасұныққа (клетчаткаға) бай тағамдарды жеу, суды жеткілікті мөлшерде ішу және белсенді қимылдау ішектің жиірек әрі жеңіл босауына септігін тигізеді.
Сонымен бірге дәрі-дәрмектерді жаңадан қабылдау немесе күн тәртібінің күрт бұзылуы да ішек ырғағын өзгертіп жатады. Гастроэнтеролог Руча Шах ағзаның тосын белгілерін назардан тыс қалдырмауға шақырады. Маманның сөзінше, егер өмір сүру салтыңыз өзгермесе де, дәретке бару тым сиреп немесе шамадан тыс жиілеп кетсе, дәрігерге қаралған жөн.
Неліктен тамақтанып болған соң бірден дәрет қысады?
Кейбір жандар түскі немесе кешкі асты ішіп болған бетте бірден дәретханаға баруға мәжбүр болады. Гастроэнтеролог Экта Гупта бұл құбылыстың табиғи физиологиялық жағдай екенін мәлімдеді. Асқазанға тамақ түскен сәтте ол созылып, ағзада «гастроколикалық рефлекс» іске қосылады. Бұл рефлекс жаңадан келген тағамға орын босату үшін ішектегі бұрынғы қалдықты алға қарай жылжытады.
«Біз осы рефлекспен дүниеге келеміз. Жаңа туған сәбилердің тамақтанғаннан кейін бірден дәретке отыратыны сондықтан. Кейбір адамдарда бұл рефлекс өмір бойы осылай белсенді күйінде сақталады», – деп түсіндірді Экта Гупта.
Дегенмен, кейде тамақтан соң дәретке асығудың астарында басқа да себептер жатуы ықтимал. Мысалы, адамның сүт өнімдеріне (лактозаға) немесе глютенге аллергиясы, сезімталдығы болса, ас қорыту мүшелері тітіркеніп, белгі беруі мүмкін.
Таңертеңгілік әдеттер мен жеңіл жаттығудың маңызы
Қоғамда сау адамның күні кофеден емес, міндетті түрде дәретханадан басталуы керек деген түсінік бар. Алайда дәрігерлер дәретке отыру үшін арнайы бір идеал уақыт жоқ екенін айтады. Адам өз денесінің қалауын тыңдап, табиғи қажеттілікті ұзақ уақыт бойы ұстамауы тиіс.
Жұмыс күні басталмас бұрын, үйде таңертең ішек жұмысын бір қалыпқа келтіргісі келетіндерге мамандар сергек әдеттерді енгізуді ұсынады. Таңды жеңіл дене шынықтырумен немесе таза ауадағы серуенмен бастау ас қорыту жолдарының жұмысын жылдамдатып, ішек моторикасын жақсартуға көмектеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







