Қазақстанда коммуналдық тариф мен жанармай бағасын ұстап тұрған мораторий 1 сәуірден бастап кілт тоқтайды. Демек, көп ұзамай инфляция қайта құтыруы мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Назарбаев университетінде өткен жиында экономист Расұл Рысмамбетов мәлімдеді. Айтуынша, бағаның бірден шарықтап шыға келуі екіталай. Алайда көктемнің соңына таман қазақтардың қалтасы қымбатшылықты нақты сезе бастайды.
«Бағаның қымбаттауы бірден көзге ұрмаса да, мамырдан кейін инфляцияның күшейгенін сіз де, біз де сеземіз. Биылғы инфляция былтырғы көрсеткіштен кем болмайды-ау. Экономикамыз әлі күнге дейін жоғары инфляцияның қысымында тұр. Бектенов? Үкімет бензин мен электр қуатын ұзақ уақыт субсидиялап келді. Осы тәжірибеден бас тартпасақ, ертең энергетика саласына инвестор тарту қиынға түседі», – дейді ол.
Сарапшы ішкі нарықтағы арзан бағаның кері салдарын тартып жатқанымызға сенімді. Мәселен, Үкімет бертінге дейін Жаңаөзенде өндірілген мұнайды әлемдік нарықтан бірнеше есе арзан бағаға сатып алып отырған.
«Үкімет мұнайды жергілікті өндірушілерден нарықтағы 70 доллардың орнына барреліне 26 доллардан сатып алып келді. Мұндай арзан баға ішкі нарықтағы бензин құнын төмен ұстауға мүмкіндік бергенімен, бюджетке үлкен ауыртпалық салды. Бір аймақтың шығынын басқасы жауып отырды. Алдағы уақытта мемлекет мұнай бағасын 35-40 долларға дейін көтерсе, жанармай бағасы да өсетіні айдан анық», – дейді ол.
Оның айтуынша, субсидияланған нарықта әрқашан жемқорлық тәуекелі жоғары болады. Мұны шешудің жалғыз жолы нарықта тең бәсекелестік орнатып, жасанды артықшылықтарды жою.
Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз
Сонымен қатар, сарапшы ТЭЦ иелерінің жауапкершілігі мен инфрақұрылымдық инвестицияларға қатысты мәселелердің әлі күнге шешілмегенін атап өтті. Қазақстан мұнай өндіретін мемлекет бола тұра, бензиннің Ресейдегі бағадан төмен болуы нарықтық тепе-теңдікке кері әсер етіп келеді.
Сөз соңында Рысмамбетов еліміздің мұнайдан басқа баламасы жоқ екеніне қынжылыс білдірді.
Оның пікірінше, Назарбаев дәуірінен бері айтылып келе жатқан экономиканы әртараптандыру мәселесі сөз күйінде ғана қалған.
«Мұнайға алақан жайып, тәуелділіктен әлі де арыла алмай отыр. Осы күнге дейін көзбен көріп, қолмен ұстайтын өзгеріс болмады. Осы құлдықтан құтылу үшін бұрынғыдан да батыл әрі нақты қадам қажет. Тоқаев? Бұл ма, бұл саяси ерік-жігерге байланысты», – дейді ол.
Айта кетелік, бұған тағы Рысмамбетовтың әріптесі Айдархан Құсайынов дәл осындай болжам жасаған еді. «Май орнына маргарин жейтін заман келе жатыр», — деген еді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

