Жасанды интеллект қатерлі ісік пен өзге де ауыр дерттерді емдеудің кілтін тауып, фармакологияда төңкеріс жасайды деген үміт жиі айтылады. Алайда әлемдік зерттеу орталықтары мен ірі IT алпауыттары алгоритмдердің медицинада шынайы серпіліс жасауына ең басты бір ғана нәрсе – сапалы әрі жүйелі биологиялық деректер жетіспей жатқанын алға тартуда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Жасуша тілі» мен деректер тапшылығы
Қазіргі мәтіндік жасанды интеллект үлгілері интернеттегі орасан зор ақпарат пен цифрланған кітапханалардың арқасында қарқынды дамыды. Ал биология саласында мұндай дайын база жоқ. Ғалымдар пайдалана алатын «жасушалар интернеті» әлі күнге дейін қалыптаспаған.
Biohub коммерциялық емес зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Алекс Ривз алгоритмдерді дұрыс үйрету үшін бүгінгі қолда бар ақпараттың тым мардымсыз екеніне назар аударады. Қазіргі деректер базасы жүздеген миллион жасушаны ғана қамтыса, нақты болжам жасайтын қуатты модельдерді құру үшін триллиондаған жасушаның сипаттамасы қажет.
– Бізге биологияның тілін, жасушаның тілін түсіну қажет. Ал бүгінде мұндай деректер қоры мүлдем жоқ, – деді Алекс Ривз.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Biohub ұйымы бастама көтерді. Жобаға АҚШ үкіметі, Google және Meta корпорациялары қосылып, жалпы көлемі 1,8 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл альянс қалыпты жағдайда ондаған жылға созылатын зерттеулерді бес жылға дейін қысқартуды мақсат етіп отыр. Ғалымдар алғашқы деректер базасын бір жыл ішінде әзірлеп, бес жылдан соң жұмысқа жарамды модельдерді іске қосуды жоспарлауда.
Виртуалды модельден нақты сынаққа дейін
Медициналық ЖИ тек компьютер экрандарымен шектеліп қалмай, нақты өмірдегі зертханаларға ене бастады. Атап айтқанда, Danaher корпорациясы дәстүрлі әдістерге қарағанда жаңа антиденелерді сегіз есе жылдам жасайтын автономды роботталған зертхананы іске қосуға ниетті. Осындай қадамды жетекші жасанды интеллект компанияларының бірі саналатын Anthropic та қолға алды.
Anthropic компаниясының өмір туралы ғылымдар жөніндегі жетекшісі Эрик Каудерер-Абрамс алгоритм ұсынған кез келген шешім сөзсіз практика жүзінде тексерілуі тиіс екенін алға тартады.
– Биологияға қатысты кез келген тұжырымның соңғы сынағы виртуалды модель ішінде емес, зертхана үстелінде нақты тәжірибе жүзінде дәлелденуі шарт, – деп түсіндірді Эрик Каудерер-Абрамс.
140 миллиард долларлық тәуекел
Бүгінде жаһандық биофармацевтика саласы адамдарға клиникалық сынақтар жүргізуге жылына шамамен 140 миллиард доллар жұмсайды. Алайда әзірленген дәрі-дәрмектердің небәрі 12 пайызы ғана ресми мақұлдаудан өтеді. Бұл төмен көрсеткіш соңғы ондаған жыл бойы өзгермей келеді.
Қазіргі стартаптар дәріні науқастарға сынамас бұрын, оның тиімділігін адамдарға қолданбай тұрып, компьютерде модельдеуді бастап кетті. Мысалы, BioinvestGPT стартапы ірі клиникалық сынақтардың алтауының бесеуін дәл болжап берген. Олар шілде айында Novartis компаниясының бұлшықет дистрофиясына арналған препаратының сынақтан өтпей қалатынын алдын ала болжап, инвесторларды 30 миллиард долларлық нарықтық шығыннан ертерек сақтандырған.
Виртуалды симуляциялар фармацевтика саласының қаржысы мен уақытын қазірдің өзінде үнемдеп жатыр. Дегенмен қатерлі ісікті біржола жоятын дәріні табу үшін адамзат бұрын-соңды жасамаған ауқымдағы алып модельдерді құру қажет болады. Инвесторлар мен ғалымдар осы қиын да ұзақ сапардың нәтижесін күтуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







