Қазақстан экономикасының номиналды көлемі 2018-2025 жылдары 2,6 есе өсіп, 159,6 трлн теңгеге жетті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың долларға дейін көтерілді. Ел әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жеті жылда Қазақстанның ЖІӨ-сі нақты мәнде 28,9 пайызға өсті. 2025 жылы экономика көлемі 306 млрд долларды құрап, 2018 жылғы көрсеткіштен 70,6 пайызға асты. Жан басына шаққандағы ЖІӨ осы кезеңде 9,8 мың доллардан 15 мың долларға дейін көтерілді.
Экономикалық серпінге өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда және көлік салалары ықпал етті. Тауар өндірісі 38,8 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 41,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 25,6 пайызға өсті. Құрылыс саласындағы көрсеткіш 2,4 есе артты.
Қызмет көрсету саласы да инфрақұрылымдық жобалар мен нақты сектордағы белсенділіктің есебінен 22,1 пайызға ұлғайды. Сауда көлемі 44,1 пайызға, көлік қызметтері 38,4 пайызға өсті. Байланыс саласындағы өсім 56,4 пайызға жетті.
Инвестиция өндіріс пен экспортты алға сүйреді
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 65,9 пайызға өсіп, 23,5 трлн теңгені құрады. 2019-2025 жылдары Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 155,7 млрд доллар болды. 2026 жылдың бірінші тоқсанын қоса есептегенде жиынтық көрсеткіш 162 млрд доллардан асты.
Өңдеу кәсіпорындарын қолдау және экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейту шикізаттық емес экспортты 1,8 есе арттырды. Оның көлемі 15,8 млрд доллардан 28,8 млрд долларға жетті. Мұнай өндіру 9,2 млн тоннаға көбейіп, 2025 жылы 99,6 млн тоннаны құрады.
Еңбек өнімділігі экономика бойынша 21,7 пайызға өсті. Құрылыс саласында өнімділік 2,3 есе, ауыл шаруашылығында 66,3 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 32 пайызды, сауда саласында 28,9 пайызды құрады.
Шағын және орта бизнес еңбек нарығының негізгі тірегіне айналып отыр. Секторда 4,5 млн-нан астам адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 48,6 пайызы еңбек етеді. Жеті жыл ішінде ШОБ-тағы жұмыс орнының саны 36,7 пайызға көбейді.
Шағын бизнес экономикадағы үлесін арттырды
Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 63,5 пайызға өсіп, 2,2 млн-ға жетті. Кәсіпкерлер өндірген өнім көлемі 3,2 есе артып, 104,8 трлн теңгені құрады. ШОБ-тың ел экономикасындағы үлесі 40,9 пайызға дейін көтерілді.
Сектордың 69 пайызын жеке кәсіпкерлер құрайды және олар 2 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Әйелдер барлық ШОБ субъектісінің 48,1 пайызын басқарады. Жаңа жұмыс орнын ашудың жоғары әлеуеті өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде байқалады.
2019-2026 жылдары «Даму» қорының құралдары арқылы жалпы құны 10,2 трлн теңге болатын 176 мыңнан астам жоба қолдау тапты. Бағдарлама қатысушылары 695 мың жұмыс орнын сақтап, 60,5 мың жаңа жұмыс орнын құрды. Олар 128 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 8,5 трлн теңге салық төледі.
«Өрлеу» бағдарламасы өңдеу өнеркәсібі, ақпараттық технология, туризм, логистика және креативті индустрия жобаларын қаржыландыруға бағытталған. Кәсіпкерлерге жылдық мөлшерлемесі 12,6 пайыздан аспайтын 7 млрд теңгеге дейін несие беріледі. «Іскер аймақ» бағдарламасы 2029 жылға дейін ауылдар мен шағын қалалардағы 15 мың жобаны 1,2 трлн теңгеге қолдауды көздейді.
Әлеуметтік өсім ауылдық аймақтарға да жетті
Жеті жыл ішінде ең төменгі жалақы 42,5 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін өсті. Ең төменгі базалық зейнетақы 16 мың теңгеден 35,6 мың теңгеге, ең төменгі зейнетақы 69 мың теңгеге көтерілді. Күнкөріс минимумы 29,7 мың теңгеден 50,9 мың теңгеге жетті.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы 2,1 мың елді мекеннің инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік берді. Жоба аясында 33 мың уақытша және 4,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 154,3 млрд теңгеге 20,6 мыңнан астам микрокредит беріліп, 23,8 мың адам жұмыспен қамтылды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 123 мыңнан астам маман көтерме жәрдемақы алды. Тағы 55 мың қызметкерге 214,3 млрд теңгенің тұрғын үй несиесі берілді. Қолдау ауылдардағы дәрігер мен мұғалім тапшылығын азайтуға бағытталды.
Үкімет 2026-2028 жылдары экономикалық өсімді жыл сайын кемінде 5 пайыз деңгейінде сақтауды жоспарлап отыр. Инфляцияны 2028 жылға қарай 5-7 пайыз аралығына түсіру көзделген. Жинақталған экономикалық әлеует халықтың нақты табысы мен өмір сапасына айналған жағдайда ғана жеті жылдық өсімнің толық нәтижесі сезіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







