Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданы активімен кездесңп, жаңадан сайланған әкім Жанат Жүнісбековті таныстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Күләйза Шақарова 18 қаңтарда өткен сайлаудың қорытындысын жариялады. Бұдан кейін жеңіске жеткен Жанат Төлегенұлына аудан әкімінің куәлігін тапсырды.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз сөзінде жаңа әкімнің осы ауданның тумасы екенін, оның Жетісу мен Алматы облыстарында көптеген жауапты қызмет атқарғанын айтты. Соңғы жылдары Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарғанын атап өтті.
– Үш жыл бұрын Кербұлақ ауданында жылдар бойы қордаланған мәселелер аз емес еді. Қазір солардың біразы шешімін тапты. Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Аудан әкімі халықтың сенімін ақтап, тұрғындармен және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс, – деді өңір басшысы.

Өз кезегінде Жанат Жүнісбеков алдына қойылған міндеттерді абыроймен орындауға күш-жігері мен жинақтаған тәжірибесін жұмсайтынын жеткізіп, халықпен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
Еске сала кетсек, 18 қаңтарда өткен сайлауда Жанат Жүнісбеков сайлаушылардың 80,9 пайыз дауысын жинап, айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын.
Өткен жылы Жетісу облысының экономикасына 610,9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, жоспардың орындалуы бойынша өңір республикада төртінші орынға шықты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

