FlyArystan ұшағы құстармен соқтығысты. Оқиға 24 қаңтар күні Алматы – Орал бағытындағы FS7167 рейсін орындау барысында болған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әуе компаниясы таратқан мәліметке сүйенсек, Орал әуежайына қонғаннан кейін ұшақты толық тексеру үшін Астанадан арнайы инженерлік-техникалық топ шұғыл аттанған.
«Барлық техникалық тексерулер мұқият аяқталған соң ғана ұшақтың ұшуына рұқсат берілді. Әуе кемесі 25 қаңтар күні сағат 01:17-де Орал – Алматы бағыты бойынша қайта сапарға шықты. Рейс кешіккен уақытта жолаушыларға ыстық тамақ пен сусын ұсынылып, сұраныс білдірген 33 адам қонақ үйге орналастырылды», – деп түсіндірді FlyArystan өкілдері.
Компания өз тарапынан барлық әрекет авиациялық қауіпсіздік пен техникалық талаптарға қатаң сәйкестікте атқарылғанын жеткізіп, жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, құстармен соқтығысу әуе компаниясының бақылауынан тыс, сыртқы фактор екені айтылды.
Бұған дейін біз Алматыдан Қызылордаға ұшқан Air Astana ұшағының жарты жолдан кейін қайтқанын хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

