Журналист Бибігүл Дәулетбекқызы Серік Сәпиев төңірегінде болып жатқан оқиғаларға қатысты өз ойымен бөлісті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол әңгімесін спортшының жаз айында ауылға барған сәтіндегі бір тосын жағдайдан басталады. Ел-жұрт чемпионның құрметіне ақ дастархан жайып, енді ғана дәм татқалы жатқанда, күтпеген телефон қоңырауы түскен. Сол сәтте Сәпиевтің жүзінен абыржу байқалып, көпшіліктің көз алдында асығыс көлігіне отырып, қалаға бет алады. Жол бойында чемпион үнсіз, қабағы қатыңқы қалыпта болған. «Қанша жерден мықты болсаң да, сенен де күштілер бар екенін түсіндік. Сол кезде оны аяп кеттім», – дейді оқиғаға куә болған адам.
Автор бұл жағдайға байланысты Сәпиевтің соңғы бейнеүндеуінде «үшінші тарап» туралы жұмбақтап айтқанына назар аударады. Оның пайымынша, мәселенің артында белгісіз бір күштер тұр. Сондай-ақ, жақында қоғам назарын аударған Дәурен Есімханов пен Сәпиев арасындағы дау да осы жұмбақ үшінші тараптың әсерінен туындауы мүмкін деген күдік бар.
– Сіздер үлкен бір ойынның қуыршағы секілдісіздер. Екі батырдың ортасына от жаққан кімдер? Бұл сұрақ көпшілікті қатты мазалайды. Әлеуметтік желіге екі күннен кейін ғана жарияланған бейнежазбаны кімдер, не мақсатпен шығарды? Неге сол күні емес, екі күннен соң ғана жарыққа шықты? – деп автор ашық сауал тастайды.
Дәулетбекқызы бұл мәселеде екі спортшының да ашық болғанын қалайды. «Екі тарап та үнсіз қалмай, халыққа ашық айтса екен деймін. Арттарыңызда сіздерді қорғайтын ну орман – халқыңыз бар. Сіздерді жамандыққа қимаймыз. Егер мемлекеттік қызметтен кетуге мәжбүр болсаңыздар, Хабиб Нұрмагомедов секілді ешкімге жалтақтамайтын өз клубтарыңызды ашыңыздар. Өзім-ақ тегін пиар-менеджер болуға дайынмын. Әр қазақтың баласын сіздердей чемпиондар жаттықтырса, бұдан асқан қуаныш болмас еді», – дейді журналист.
Бибігүл Дәулетбекқызы бұл оқиғадан кейін қос батырдың бір жерде қызмет ете алмайтыны анық деп санайды. Автордың пікірінше, басты міндет екі спортшының арасына іріткі салған үшінші тарапты ашық көрсету. «Қазағымның қос батырының жауласқанын емес, достасқанын көргіміз келеді», – деп түйіндейді ойын автор.
Айтпақшы, Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалға байланысты Мемлекеттік қызмет істері тексеру нәтижесін жариялады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

