Қазақстанда неке мен отбасы құндылықтары, сондай-ақ адамның негізгі құқықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі. Бұл өзгерістер Конституциялық комиссияның төртінші отырысында қаралған Ата Заңға енгізілетін түзетулер жобасынан айқын көрініс тапты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жобаны таныстырған Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты бөлімі жаңа мазмұнмен толықтырылатынын атап өтті.
– Ұсынылып отырған өзгерістер ең алдымен адамның ең жоғары құндылық екендігі туралы қағидатқа негізделген. Бұл түзетулер құқықтар мен бостандықтарды қорғау кепілдіктерін күшейтеді. Соның ішінде адамның жеке басына қол сұқпаушылық, цифрлық заманда жеке деректерді қорғау, «Миранда ережесі», ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау нормалары енгізіледі. Әлеуметтік құқықтарды нақтылау және құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту мәселелері де назардан тыс қалмайды, – деді Бақыт Нұрмұханов.
Сот саласына қатысты да елеулі өзгерістер қарастырылған. Қазіргі уақытта Конституцияның 7-бөлімінде қарастырылған сот әділдігіне қатысты нормалар адам құқықтарын қорғаудың кепілдігі ретінде жеке бапқа біріктірілмек.
– Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндігі құқығына жаңа мән беріліп, демократиялық әрі құқықтық мемлекетте жеке тұлғаның еркін дамуына кепілдік ретінде зияткерлік меншікті қорғаудың арнайы нормалары белгіленеді, – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ неке және отбасы құндылықтары мен қоршаған ортаны қорғау міндеттемелері Конституция аясында күшейтілетін болады.
«Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» атты жаңартылған бөлімде сот процесінің формаларын кеңейту, сот тәуелсіздігін нығайту және кадрлық саясатқа қатысты маңызды түзетулер енгізілмек. Сонымен бірге адвокатураның құқықтық мәртебесін бекітетін жеке бап та қарастырылған.
Құрылтайдың құрылуына байланысты «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» бөліміне де нақты түзетулер енгізіледі.
«Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты жаңа бөлім Ата Заңның мәтінін халықаралық озық тәжірибеге сәйкес келтіріп, жаңартуға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады Бақыт Нұрмұханов.
ҰР Әділет министрі Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңыздылығын ескере отырып, түзетулер мен толықтырулар енгізу тәртібін жеке бөлім ретінде реттеу ұсынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

