Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада ХХ жазғы Азия ойындары мен V Азия пара ойындарында нәтиже көрсеткен спортшыларымызға алғыс білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент өз сөзінде Айсұлу Сүлейменованың (Пара ойындарда 100 метрге жүгіруден Азия рекорды), Тамирлан Тілеулестің (таэквондодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш алтын медаль), Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайдың, Софья Берульцеваның, сондай-ақ пауэрлифтер Давид Дегтярев пен Азия ойындарының алты дүркін чемпионы Алексей Луценконың жетістіктерін ерекше атап өтті.
«Қазақстанда әрбір баланың спортпен шұғылдануға мүмкіндігі болуы керек. Бұл жай ғана әлеуметтік жоба емес, стратегиялық саяси міндет», – деді Президент.
Ірі халықаралық жарыстар мен форумдар
«2027 жылы біз бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорттан әлем чемпионаттарын қабылдаймыз… Шорт-тректен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтеді. Көктемде Астанада УЕФА-ның 51-ші Конгресі өтеді… Мұндай ауқымды іс-шараларды өткізу салалық министрлік пен федерациялардың, Үкімет пен Ұлттық олимпиадалық комитеттің бірлескен әрі қауырт күш-жігерін талап етеді», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар биыл елордада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA – World Anti-Doping Agency) Конгресі ұйымдастырылады. Қазақстан «таза», допингсіз спортты ілгерілету үшін барлық күш-жігерін салып келеді.
Олимпиадаға дайындық мәселесі
«Алдымызда төртжылдықтың басты спорттық оқиғасы – Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары күтіп тұр. Осы жаһандық додаға дайындықты қазірден бастап ең жоғары деңгейде жүргізу қажет. Бұған тек спортшылар ғана емес, салалық министрлік пен спорт федерациялары да белсенді атсалысуы тиіс», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







