Қазақстан санкция құрсауындағы Кремльге элиталы көліктер жеткізудің көлеңкелі дәлізіне айналғаны анықталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Ресей тікұшақтары» холдингі басшысының орынбасары Вадим Лигай санкцияны айналып өтіп, бағасы 307 мың доллар тұратын Bentley Bentayga жол талғамайтын көлігін сатып алған.
TriTrace Investigations жобасы жүргізген зерттеуге сүйенсек, көлік Ресейге Беларусь пен Түркия арқылы жасырын жеткізілген. Жеткізуді формалды түрде Татарстандағы суасты қайығы, бронды кеудеше мен дрондарға арналған желім шығаратын «Қазан зауыты» рәсімдеген екен. Құжат бойынша көлік көршіміздің нарығына бағытталмаған, алайда соңғы аялдамасы Ресей екені анық көрсетілген.
«Оқиға жалғызлікті емес, санкциядан кейінгі люкс көліктерді параллельді импортпен тасудың кең таралған схемасы. 2022 жылдың наурызынан бері Мәскеуге Bentley, Rolls-Royce, Lamborghini, Ferrari және Maserati секілді 214 элиталы көлік әкелінген. Олардың жалпы құны 75 миллион доллардан асады», — дейді осы тұста TriTrace.
Көбінесе көліктер ресми түрде Қазақстан, Беларүс, Түркия немесе Армениядағы компанияларға сатылып, кейін Ресей импорттаушыларының қолына өтеді екен. Құжат жүзінде сауда санкцияға ілікпеген елдердің арасында жасалғандай көрсетілгенімен, көліктің барлығы дерлік Ресей жерінен табылып отыр.
Осы жолда Астана мен Минскі басты транзиттік торап ретінде пайдаланылған.
Айталық, 2023 жылдың шілдесінде бағасы 385 мың еуро тұратын Lamborghini Urus Қазақстан арқылы санкциялық тізімдегі орыс олигархы Евгений Зубицкийдің әйелі атына тіркелген. Ал 2024 жылдың мамырында тағы бір Bentley Беларусь арқылы Қырымға жеткізіліп, санкцияға іліккен РНКБ банкі қаржыландыратын «Крым Наш» жобасына қатысты компанияға рәсімделген.
Батыс елдері не дейді?
Осы тарапта еуропалық OLAF ұйымы санкциядан жалтару схемасына қатысты үлкен халықаралық тергеу бастапты. Ол бойынша 766 көліктің құжаты Түркияға деп рәсімделгенімен, шын мәнінде Ресейге жеткізілгені анықталған. Ал Уаршава билігі заңсыз тасымалдың ЕО аумағынан Грузия, Армения, Қазақстан, Қырғызстан және Молдова секілді елдер арқылы жүргенін мәлімдеп отыр.
Қазірдің өзінде Польша полициясы заңсыз схемаларға қатысы бар деген күдікпен 20 адамды тұтқындаған. Олар санкцияны айналып өтіп, Ресей мен Беларусьқа 600-ге жуық көлік жеткізген.
Қазақстан тергеуде басты назарға ілінген елдердің бірі ретінде аталып отыр. Бұған дейін ресейлік рубльдің ел нарығын басып алғанын егжей-тегжейлі жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

