Белгілі саясаттанушы Уәлихан Төлешов Қазақстан үшін ең маңызды күресі – ішкі, халықаралық және өркениеттік үш майдандағы позициясын сақтаудан тұратынын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, бұл күрестің әрбір майданы өз алдына бөлек мәселе емес, керісінше, бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықтыратын және тек біріккен жағдайда ғана шынайы нәтижеге жеткізетін күрделі процестер.
– Бірінші кезекте ішкі майдан мәселесіне тоқталсақ, мұнда әңгіме адам құқығы, әлеуметтік еркіндік пен экономика жайында. Қазақстанда адам құқығы тек экономикалық тәуелсіздігі бар адам үшін ғана шынайы мәнге ие. Яғни, бізде азаматтың саяси құқықтары мен бостандықтары оның экономикалық субъектілігімен тікелей байланысты.
Сондықтан негізгі шешуші кілт экономикалық реформаларда жатыр. Бұл жерде тек сайлауды емес, меншік институтын, сот жүйесін және капиталға тең қолжетімділікті реформалау маңызды, – деді Уәлихан Төлешов.
Саясаттанушының айтуынша, егер алдағы 5-7 жылда Қазақстан экономикалық субъектілікті қалыптастыра алмаса, қалған майдандардағы жетістіктер тек елес күйінде қалуы мүмкін.
Екінші майдан, халықаралық аренадағы күрес. Бұл бағытта Қазақстанның рөлі мен орнын анықтаудың маңызы ерекше екенін алға тартқан Төлешов:
– Қазақстан енді екі алпауыттың ортасындағы буфер немесе жай ғана бейтарап аумақ болмауы керек. Оның орнына біз логистика, қаржы, энергетика және технологиялық инфрақұрылымда өзіндік орны бар, ешбір тарап айналып өте алмайтын маңызды түйінге айналуымыз қажет. Біздің халықаралық саясатымыздың мәні мультилатерализм ұранында ғана емес, осы инфрақұрылымдық, қаржылық және технологиялық маңызды орталыққа айналуда жатыр, – деді ол.
Саясаттанушы Канада премьер-министрі Марк Карнидің Давоста айтқан пікірін де мысалға келтірді. Оның айтуынша, орташа елдің жеңісі оның аумағын ешкім айналып өте алмағанда ғана нақты іске асады.
– Үшінші әрі ұзақ мерзімді өркениеттік майдан мәселесінде, түркі өркениеті алдыңғы қатарға шығуы тиіс. Бірақ бұл жеңіс тек өткенге сілтеме жасау немесе этникалық тұтастықта емес. Оның орны болашақ пен әмбебаптықта. Түркі әлемі тек мәдени құндылықтарды сақтап қалатын фольклорлық орта емес, жаңа философия, этика және технологиялық идеяларды ұсынатын заманауи өркениеттік платформа болуы керек. Біздің алдымызда тұрған ең басты міндет осы өркениеттік жаңа мағыналарды бүгіннен бастап қалыптастыру, – дейді Уәлихан Төлешов.
Оның пікірінше, түркі өркениеті жасанды интеллект, тұрақты даму, ғарышты игеру сияқты заманауи тақырыптармен байланысып, әлемге жаңа идеялар ұсына алса ғана табысқа жетеді.
Саясаттанушы үш майдандағы күрес бір-бірімен тығыз байланысты екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бұл күресте шынайы жеңіс тек осы үш майдан бір бағытта, бір уақытта, бір-бірімен үйлесімде жүрсе ғана мүмкін болмақ.
– Егер Қазақстан азаматтарына экономикалық субъектілік беріп, халықаралық қатынастар жүйесінде маңызды орталыққа айналып, әлемдік тәртіптің дағдарысына түркілік жаңа мағынамен жауап берсе, біз тек жеңіске жетіп қана қоймай, алдағы дәуірдің авторларының біріне айналамыз, – деп түйіндеді Уәлихан Төлешов.
Осыған дейін саясаттанушы Уәлихан Төлешов Ertenmedia-ға 500 миллиондық еуропалық Гулливердің оянуы Ақ үй күткеннен ерте болғанын сараптап берген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

