Алматыдағы атышулы «Байсат» базары қайта саудаға шықты. Мемлекет Назарбаев әулетіне тиесілі болған нысанды су тегінге сатқалы отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдының бақылауында болған базар осымен үшінші рет электронды аукционда саудаға түседі. 5 ақпанда өтетін бәс саудада 100 пайыз үлесі ұсынылмақ. Активтің қазіргі бағасы 24,77 млрд теңге. Нысанның бастапқы бағасы бұдан шамамен 4 миллиард теңгеге қымбат болатын. Бірақ, бір гәп бар.
Егер осы жолы да базардың жаңа иесі табылмаса, келесі саудаға ол тек бастапқы толық бағасымен қойылады. Сондықтан дәл осы сауда ірі активті едәуір төмен бағамен иеленудің соңғы мүмкіндігі.
«Байсатты» басқарып отырған «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС арнайы мемлекеттік қорға 349,7 млн теңге аударған. Сауда айналымы екі есеге жуық артып, 413,4 млн теңгеге жетіп отыр. Салық төлемі 13 есе ұлғайып, 324,2 млн теңгені құраған екен. Сауда орнындағы бүткілердің саны 2200-ден 3000-ға дейін көбейген.
Байсат туралы не белгілі?
Базары ұзақ уақыт бойы ел ішінде терең тамыр жайған Назарбаев әулетіне тиесілі болды. 2024 жылы Алматы прокуратурасының араласуымен мемлекет меншігіне өткен-ді. Базарды басқарушы компания соңғы екі жылда мемлекетпен жалпы сомасы 292,3 млн теңгенің келісімшартын жасасып, бюджетке 999,6 млн теңге салық төлеген.
Базарге иелік еткен Қайрат Сатыбалды ескі Қазақстанның ең ықпалды әрі дәулетті адамының бірі еді.
Былтыр мемлекет ақшасын жымқырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылып, кейінірек жазасы жеңілдетілген. Тергеу барысында оның және оған жақын құрылымдардың мемлекетке 1,6 млрд доллар көлемінде түрлі активтерді қайтарғаны белгілі болды. Олардың арасында қымбат жылжымайтын мүлік, құнды заттар және қолма-қол қаражат бар.
Бұған дейін Қайраттың тоқалы елге үндеу жолдап, Сатыбалдыдан көрген қорлығы мен тартқан азабын жайып салған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

