Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен өңір активінің отырысында еліміздің жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде облыс әкімі басты мақсат – Ата Заңға енгізілгелі отырған өзгерістердің мәнін халыққа ашық әрі толық жеткізу екенін атап өтті.
– Конституциялық реформаның табысты болуы әр азаматтың белсенді қатысуына байланысты. Сондықтан бұл құжат туралы ақпаратты әр тұрғын нақты әрі дұрыс түсінуі тиіс, – деді әкім.
Жиында сөз сөйлеген Алматы облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Қуат Байғожаев, бұл өзгерістердің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқанын айтты.
– Президентіміз бірпалаталы Парламент құру туралы бастаманы 2025 жылғы Жолдауында көтерген болатын. Оның негізгі мақсаты – саяси жүйені кешенді жаңғырту, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету. Осы бағытта комиссияға қоғам өкілдері мен сарапшылардан екі мыңнан астам ұсыныс түсті, – деді Қуат Байғожаев.
Комиссия мүшесінің айтуынша, Конституцияның 77 бабына өзгеріс енгізу көзделген. Бұл – жалпы мәтіннің 84 пайызы. Жаңа жоба адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгілеп отыр.
– Ел бірлігі, ұлтаралық келісім, аумақтық тұтастық, әділеттілік пен заң үстемдігі басты қағидаттарға айналмақ. Мемлекет пен дін қатынастарының зайырлы сипаты сақталады. Неке ер мен әйелдің ерікті, тең құқықты одағы ретінде айқындалған, – деді ол.

Жоба бойынша Парламент бірпалаталы форматта жұмыс істейтін Құрылтайға айналады. Сондай-ақ жоғары консультативтік орган – заң шығару бастамасы құқығы бар Халық Кеңесі, қоғамдық ұйымдармен байланыс орнататын Вице-президент институты енгізіледі. Конституцияда алғаш рет адвокаттық қызмет пен зияткерлік меншікті қорғау бекітіліп, азаматтардың құқықтық кепілдіктері күшейеді.
Жиын соңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қала мен аудан әкімдеріне, басқарма және департамент басшыларына халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
– Тұрғындармен кездесулер, ашық диалогтар мен азаматтық алаңдар арқылы әр азаматқа ұсынылған өзгерістердің мәні толық жетуі тиіс. Ақпараттық жұмыстар тек ресми әрі сенімді дереккөздерге негізделуі керек. Халықты жалған пікірлерден қорғап, сарапшылар мен заңгерлерді көбірек тартқан жөн. Сонда ғана азаматтарымыз саналы таңдау жасай алады, – деді әкім.
Айтпақшы, таяуда тілішілеріміз Қонаев қаласының 2026 жылға арналған даму жоспары нақтыланғанын жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

