Шығыс Қазақстан облысынан Конституциялық комиссияның құрамына екі адам енді. Бұл туралы ШҚО әкімдігінде өткен арнайы жиында айтылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Басқосуда облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз алып, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңызына тоқталды.
– Конституциялық реформаны жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына 130 адам енген. Комиссия мүшелері қатарында шығысқазақстандықтар – облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков пен өңірлік қоғамдық кеңес төрағасы Аяужан Әшімова бар, – деді облыс әкімі.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Ата Заңды өзгерту – мемлекетіміздің негізіне, ел ішіндегі келісімге тікелей әсер ететін тарихи қадам. Сондықтан бұл реформа жабық түрде емес, ашық әрі жария форматта талқыланып жатыр.

Жиында сөз алған өңірлік қоғамдық кеңестің төрағасы Аяужан Әшімова комиссияның ашық әрі айқын жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
– Конституциялық комиссия қоғамнан келіп түскен ұсыныстардың бәрін ескере отырып, келісілген түзетулердің нақты жинағын әзірледі. Нәтижесінде Конституцияның 77 бабына өзгеріс енгізілді, бұл – негізгі құжат мәтінінің 84 пайызы, – деді ол.
Облыс әкімі жиынды қорытындылай келе, заң мен тәртіп үстемдік құрған, әділетті, қауіпсіз әрі таза Қазақстанды қалыптастыру әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдары өңірлердің жұмыс тиімділігі рейтингінде көш бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

