Алматы технологиялық университеті (АТУ) Никольский базары орналасқан жер теліміне қатысты сотта жеңіске жеткенімен, бұл жер үшін күрес әлі аяқталған жоқ. Учаскеге жаңа үміткер шығып, университет қайтадан сотқа шағым түсірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматыдағы Никольский базарының орнына нақты қандай нысан салынатынын анықтау мақсатында АТУ-ға сауал жолданған. Бірақ белгілі болғандай, жер үшін сот дауы қайта басталған.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың маусымында Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты университет меншігінен заңсыз шығарылғаннан кейін жасалған барлық сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныған болатын. Осылайша, 15 жылға созылған сот дауы аяқталды деп есептелген еді.
Алайда 2025 жылдың 15 желтоқсанында Алматының Алмалы аудандық №2 соты АТУ-дың жаңа талап-арызын қарауға қабылдады. Университет бұл жолы жер телімін сатудың кезекті келісімшартын жарамсыз деп тануды талап етуде.
Жауапкерлер ретінде Nikolsky Investment ЖШС және жеке тұлға Ә.Б. көрсетілген. Қазіргі уақытта азаматтық іс Алматы аудандық сотында қаралуда.
Никольский базарының жаңа қожайыны кім?
2025 жылғы сот құжаттарында жер телімінің соңғы иесі Айдос Қоспаев басқаратын Nikolsky Investment ЖШС болған еді. Ал жаңа шағымда жауапкер ретінде Ә.Б. есімді жеке тұлғаның пайда болуы жер иесі ауысқанын немесе қосымша иеленуші шыққанын көрсетеді. Бұл мәміленің мән-жайы сот құжаттарында әзірге жарияланбаған.
Сот отырысы қашан өтеді? Істі қарауға дайындау барысында сот барлық мән-жайды анықтау үшін маңызды құжаттарды талап еткен:
Nikolsky Investment ЖШС-нің тіркеу құжаттары; Қарасай батыр көшесі, 88б-88в мекенжайында орналасқан, ауданы 1,0730 гектар жер телімінің кадастрлық құжаттары.
Алматы қалалық сотының Tengrinews.kz сауалына берген жауабында: «Қазіргі уақытта Алматы қаласы Алмалы аудандық №2 сотында «Алматы технологиялық университеті» АҚ-ның Nikolsky Investment ЖШС-не қатысты шағымы қаралуда. Келесі сот отырысы 4 ақпанға белгіленген», – делінген.
Жер телімінің болашағы қандай болмақ?
Қазіргі уақытта жер телімінің нақты болашағы белгісіз. Бұл аумақта университеттің жаңа кампусы, жатақханасы немесе басқа нысан салынатыны тек сот ісінің нәтижесіне байланысты болмақ. Алматы технологиялық университеті мен олардың адвокаттарынан нақты түсініктеме алуға әрекеттенгенімен, әзірге жауап алынбаған.
АТУ меншігі үшін күресті 2011 жылы университет «СәулеТ Құрылыс» ЖШС-нен ауданы 1055,8 шаршы метр әкімшілік ғимарат пен 1,0643 гектар жер телімін сатып алғаннан кейін басталды. 2012 жылы мәмілені басқа тарап – «Дар-Строй» ЖШС сот арқылы жарамсыз деп тануға қол жеткізген.
Осыдан кейін мүлік бірнеше рет қайта сатылған:
2013 жылы жер «СәулеТ Құрылыс» ЖШС-нен «Эксплуатация и обслуживание жилищно-деловой слободы» ЖШС-не өтеді.
2015 жылы актив Қазақстанның тұңғыш президентінің інісі Болат Назарбаевтың меншігіне өтеді.
2021 жылы Болат Назарбаев мүлікті Nikolsky Investment ЖШС-не сатқан. Оның иесі Елдос Қоспаевтың інісі Айдос Қоспаев.
Қоспаев қылмыстық тобының ісімен байланыс
Айдос Қоспаев 2016-2022 жылдар аралығында Қазақстанда рейдерлік, алаяқтық, мүлікті заңсыз иемдену және ақшаны жылыстату әрекеттерімен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Елдос Қоспаевтың інісі. 2025 жылы Айдос Қоспаев 12 жылға, ал Елдос Қоспаев 15 жылға сотталған.
2023 жылы Жоғарғы сот 2012 жылғы істі қайта қарап, университет пен «СәулеТ Құрылыс» арасындағы мәмілені заңды деп таныды. 2025 жылғы 13 маусымда Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты кейінгі жылдары жасалған барлық шарттарды жарамсыз деп шешкен еді.
Никольский базарының тағдыры
Ұзаққа созылған сот даулары мен меншік иелерінің жиі ауысуы салдарынан 2020 жылы Никольский базары сүрілген. Бұл Алматыдағы тарихы жүз жылдан асқан, ерекше мәнге ие болған орынның жоғалуына әкелді.
Никольский базары алғаш рет 1915 жылы «Зубовская площадь» деген атпен ашылған. Кейін Пролетарский, Кировский деген атауларды иеленіп, соңында Никольский аталған. Соңғы атауы оның жанындағы Никольский соборына байланысты берілген.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті криминалдық ортада «Кропаль» лақап атымен белгілі 40 жастағы Асылбек Төлетпековті ұстады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

