Алматыда Конституциясының жаңа жобасын талқылауға арналған қалалық мәслихат пен Қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Іс-шараға мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері және қоғам белсенділері қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиында Конституцияның жаңа редакциясындағы негізгі тұжырымдамалар, оның институционалды өзгерістерге әкелетін қадамдары мен әлеуметтік әсері кеңінен талқыланды. Құжаттың адам құқығын қорғауға, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді тиімді бөлісуге, заңның үстемдігін арттыруға және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын күшейтуге бағытталғаны ерекше атап өтілді.
Отырыста Алматы қаласы мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Мейіржан Отыншиев жаңа Конституцияның кең ауқымды қоғамдық диалог негізінде әзірленгенін, бұл қоғамның мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға деген сұранысын айғақтайтынын айтты.
– Жаңа Конституция жобасы – мемлекеттің дамуындағы маңызды белес. Бұл құжаттың ортасында адам, оның құқықтары мен абыройы тұр. Конституцияда халық егемендіктің бірден-бір иесі ретінде бекітіліп, билік институттарының қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді, – деді Мейіржан Отыншиев.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі әрі Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Анар Фазылжанова филолог ретінде Конституцияның бастапқы мәтіні қазақ тілінде жазылғанын ерекше құптайтынын жеткізді. Оның пікірінше, қазақша мәтін құқықтық негіз ретінде қабылданып, жобаның ашық түрде талқылануы реформаның мазмұнын байытады.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Махамбет Хасенов жаңа Конституция жобасының тарихи маңызын, сондай-ақ азаматтық қоғамның рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
«Конституция халыққа анық әрі түсінікті болуы керек. Ол күнделікті өмірде іс жүзінде қолданысқа ие болғаны жөн. Қоғамдық кеңес осы бағытта әрі қарай да белсенді жұмыс істеп, Әділетті Қазақстанды құруға үлес қосады», – деді Махамбет Хасенов.
Жиынға қатысушылар халықпен ашық диалогты жалғастырудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе Алматы секілді ірі мегаполисте пікір алуандығын сақтай отырып, осындай талқылауларды тұрақты өткізу керектігі айтылды.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық өзгерістер мемлекеттілікті дамытудағы маңызды кезең екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

