Премьер Бектенов президент Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру жөніндегі жиында бірқатар облыстағы олқылықты сынға алды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әсіресе, Алматы облысы әкімдігі суару жүйесін жаңғырту мен су үнемдейтін технологияны енгізуде белсенділік танытпаған. Бұған қоса, аймақта үкіметтік емес ұйымдарға грант бөлу және оларды қаржыландыру ісі ақсап тұр.
Ұлытау облысында жасыл желекті түгендеу жұмысы әлі күнге жүргізілмеген, халық көп шоғырланатын орындарға фандоматтар орнатылмаған, су құбыры мен кәріз жүйесі цифрланбаған.
Ал Абай облысында жоспарланған экологиялық инфрақұрылымды қалыптастыру мен мәдени іс-шараларды ұйымдастырудың межесі орындалмаған.
Аталған кемшіліктерге байланысты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбеков және Абай облысының әкімі Берік Уәлидің есебі тыңдалды.
Олжас Бектенов жиында цифрлық технологияны экологияға енгізу және халықтың эко мәдениетін көтеру мәселесін ерекше атап өтті.
Науқаннан нәтиже бар ма?
Экология министрлігінің мәліметіне сүйенсек, «Таза Қазақстан» бастамасы қолға алынғалы бері жалпы саны 1294 іс-шара ұйымдастырылып, 844 мың тонна қоқыс жиналған. Ел аумағындағы 1 миллион гектар жер тазартылып, 2,9 миллион түп ағаш отырғызылған. Жалпы осы жұмысқа республика бойынша 6,9 миллион адам қатысқан.
Премьер-министр қоршаған ортаны қорғау ұстанымдарын Конституциялық деңгейде бекітудің маңызы зор екенін ерекше атап көрсетті.
«Экологиялық мәдениетті жоғары деңгейге көтеру жаңа Конституцияның негізгі қағидасының бірі. Азаматтардың бойында тазалыққа, қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен қамқорлық мәдениетін орнықтыру керекпіз», – деді Олжас Бектенов.
Бектенов әкімдерге не бұйырды?
Жиын соңында облыс әкімдеріне жоспарланған барлық экологиялық шараларды уақытында әрі сапалы жүзеге асыру жүктелді.
«Таза Қазақстан» бастамасының нәтижесі елдің экологиялық өзгерістерге деген жоғары сұранысын нақты көрсетті. Ендігі міндет цифрлық технологияларды қолдана отырып, жүйелі мониторинг жүргізу, жауапкершілікті нақты бөліп, экологиялық жұмысты келесі деңгейге көтеру», – деп қатаң тапсырды Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, министрліктерге экологиялық деректерді тұрақты түрде цифрлық форматқа көшіру, ғарыштық мониторингті кеңейту, орман өртін ерте анықтау жүйесін толыққанды іске қосу және «Таза Қазақстан» бастамасының ақпараттық сүйемелдеуін күшейту тапсырылды.
Айта кетелік, бұған дейін Бектенов «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басшысын қатаң сынға алып, кемшілікті түзетуге үш күн мұрсат берген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

