Қазақстан Халық партиясы еліміздің барлық аймақтарында жаңа Конституцияның жобасын талқылау мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Абай облысы Ақсуат ауданындағы партия өкілдігінің басшысы Қайрат Қайырбаев жергілікті партия белсенділерімен «Жаңа Конституция – Қазақстанның құқықтық тірегі» тақырыбында пікірталас өткізді.
– Іс-шараның басты мақсаты – Конституциялық реформаның маңыздылығын түсіндіру, құқықтық мемлекет құрудағы негізгі бағыттарды талқылау және осы мәселедегі партия ұстанымын жеткізу, – деп атап өтті жиын ұйымдастырушылары.
Пікірталас барысында жаңа Конституцияның еліміздің саяси жүйесін дамытудағы рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтудағы маңызы, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі орны сарапқа салынды. Қатысушылар реформаның ел дамуына тигізер оң ықпалын атап өтіп, қоғамда «Әділетті Қазақстанды» қалыптастырудың маңызды қадамы деп баға берді.
– Біз ашық және сындарлы диалог орнаттық, – деді партия өкілдері. – Осындай пікір алмасулар азаматтардың белсенділігін арттырып, қоғамдағы өзгерістерге жауапкершілікпен қарауға жол ашады.
Қазақстан Халық партиясының Қызылорда облыстық филиалы да «Конституциялық реформа – ел болашағына жасалған жаңа қадам» атты жиын өткізді. Шараға облыстық Әділет департаментінің бөлім басшылары Айгүл Қосбергенова мен Еркін Тәжікенов, «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Дәулет Омаров, адвокат Динара Серікқызы және Жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек қатысты.
Жиында Конституцияға енгізілетін басты өзгерістер кеңінен таныстырылып, мамандар жаңа құжаттың қоғамдағы әділеттілік қағидатын нығайтып, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылғаны ерекше атап көрсетілді.
– Мұндай талқылаулар партия ішіндегі үйлесімділікті арттырып, реформаларды тиімді іске асыруға септігін тигізеді, – деді ұйымдастырушылар.
Түркістан облысында өткен басқосуда да ҚХП өкілдері Конституциялық реформаны талқылап, азаматтардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.
– Қазақстан Халық партиясы Конституциялық реформаны талқылауда әрбір азаматтың ойын ескеру маңызды деп есептейді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деп түйіндеді партия өкілдері.
Қазақстанның жаңа Конституциясы мазмұны, мағынасы, тілі мен жаңашыл тәсілі тұрғысынан қазіргі қолданыстағы құжаттан түбегейлі ерекшеленеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

