Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының лауазымды тұлғаларына қатысты арнайы операция жүргізді. Құзырлы органдар резерват аумағындағы сүректі жаппай заңсыз кесу және оны өткізумен айналысқан тұрақты қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Пара үшін ең өтімді орман алқаптарын таратқан
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты резерват басшылығы ағаш кесушілерден жүйелі түрде ақшалай сыйақы алып келген. Тергеу мәліметі бойынша, олар пара берген кәсіпкерлерге ең өтімді әрі сапалы қарағайлы алқаптарды еш кедергісіз шабуға рұқсат беріп отырған.
ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Қайырлы Ахмет арнайы жүргізілген жедел шаралардың нәтижесін ресми түрде жариялады.
«Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің „Семей орманы“ мемлекеттік орман табиғи резерваты лауазымды тұлғаларының құқыққа қайшы қызметінің жолын кесті. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер сүректі жаппай заңсыз кесу және оны өткізу бойынша тұрақты схема ұйымдастырған. Олар ақшалай сыйақы үшін ең өтімді орман учаскелеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етіп келген», – деді ол.
Тінту кезінде тәркіленген айғақтар
Арнайы жасақ қызметкерлері күдіктілердің қызметтік кеңселері мен тұрғылықты жерлерінде тінту жүргізді. Жедел түсірілім кадрларынан жүк көліктеріне тиелген сүректер, ағаш тілу цехтары және сейфтерден табылған құнды заттар мен ақша көрінеді. Тінту барысында заңсыз әрекеттерді дәлелдейтін бухгалтерлік құжаттар, ағаш кесуге арналған орман кварталдарын үлестіру туралы қолжазба жазбалар мен қаржылай қаражат тәркіленді.
Қазіргі уақытта лауазымды тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі (аса ірі мөлшерде немесе бірнеше рет пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







