Теңге 2020 жылдың наурыз айындағы деңгейге дейін нығайды! Әдетте бұл бірмәнді жақсы жаңалық ретінде ұсынылады. Бірақ, әдеттегідей, экономикада барлығы әлдеқайда күрделірек. Теңге бағамы туралы өзімнің бес ойымды жаздым, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мықты теңге мықты экономиканы білдірмейді
Біріншіден, мықты теңге — бұл мықты экономика деген сөз емес. Әрине, көпшілік үшін бағам көрсеткіші — экономиканың ең қарапайым индикаторы, бірақ бұл мүлде олай емес. Қазір теңгені үш нәрсе ұстап тұр: қымбат мұнай, жоғары базалық мөлшерлеме және резидент еместердің жақсы табыстылық үшін біздің мемлекеттік облигацияларға келуі. Бұл тіректердің ешқайсысы экономиканың нақты күшіне қатысты емес. Мұнай бағасы бізге тәуелді емес. Мөлшерлеме мен алыпсатарлар болса бізге өзіміздің жоғары инфляциямыздың кесірінен келді.
Шектен тыс нығайған бағам бюджетке тиімсіз
Екіншіден, шектен тыс нығайған теңге бюджетке тиімсіз. Біздің бюджет қарапайым құрылған: мұнай мен Ұлттық қордан түсетін трансферттер доллармен келеді, ал зейнетақы, жалақы, құрылыс шығындары теңгемен өтеледі. Күн сайын Ұлттық банк Қаржы министрлігінің сұрауы бойынша Ұлттық қордағы долларды теңгеге айырбастайды. Биылғы есептік бағам — бір доллар үшін 540 теңге. Әзірге қымбат мұнай нақты және есептік баға арасындағы алшақтықтың орнын толтырып тұр.
Шығыны кірісінен асып, дефицитпен күн көріп отырған бюджет үшін мықты теңге — бұл түспей қалған кіріс деген сөз.
Бағам үшін жүріп жатқан жасырын күрес
Үшіншіден, бағам үшін интервенция сияқты көрінбейтін құралдармен жасырын күрес жүріп жатыр. Ұлттық банктің айналма тетіктері бар. БЖЗҚ зейнетақы активтері үшін валюта сатып алу — бұл долларға қосымша сұраныс. Квазимемлекеттік сектор үшін міндетті айырбастау талабының жойылуы — ұсыныстың азаюы. Валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемені көтеру — сұранысты арттыру әрекеті, бірақ әзірге өте сақтықпен жасалып отыр.
Бағаға әсері және ұлттық валютаға сенім
Төртіншіден, мықты теңге бағаға шынымен де жанама түрде әсер етеді. Әлсіз теңге инфляцияға тез ұласады, ал мықты теңгенің бағаға әсер етуі үшін экономикалық агенттер теңгенің нығаюына сенуіне бір жылға дейін тұрақтылық қажет, оның өзінде баға ешқашан толық төмендемейді. Бұл — ұлттық валютаға сенім деңгейі төмен елдерге тән қалыпты экономикалық механизм.
Бесіншіден, бағам — бұл әрқашан компромисс. Мықты теңге импорт сатып алатындарға, шетелге шығатындарға, валюталық несие өтейтіндерге жақсы. Ол импортты арттыруға көмектеседі, бірақ экспортты тиімсіз етеді. Әлсіз теңге бюджетке, экспорттаушыларға және отандық өндірушілерге қолайлы.
Барлығы үшін ең тиімдісі — болжамды тұрақты теңге. Бұл инфляциялық шоктарды бәсеңдетіп, ұлттық валютаға сенімді арттыруға шынымен көмектесер еді.
Бағамды реттеу тетіктері
Және қосымша, бағамды басқару туралы сөз қозғаған екенбіз. Жоғарыда айтылғандардың барлығы — бағамды белгілеу немесе таргеттеу емес, оған ықпал ету ғана. Ұлттық банк бағамды ұстап тұра алады, итермелей алады, ауытқуды тегістей алады. Бірақ мұнай бағасы мен төлем балансына қайшы келетін бағамды тағайындай алмайды. Егер қолынан келсе, жоғарыда айтылған себептерге байланысты әлдеқашан жасар еді. Біздің теңгеміз еркін саудаланады және бұл — сөзсіз плюс, тек бағам тұрақтылығын батылырақ қолдауға болар еді деп ойлаймын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






