ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі журналист Индира Орынбайқызы Жылқайдарованың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Индира Орынбайқызы 2015 жылдан бастап «Хабар» агенттігінде еңбек етіп, соңғы жылдары «Хабар» телеарнасының «Жеті күн» бағдарламасында редактор-талдаушы қызметін атқарды.
Кәсіби жолы мен қызметі
Ол парламенттік журналистикаға, қоғамдық-саяси мәселелер мен еліміздің заң шығару үдерісін ақпараттық тұрғыдан жария етуге айрықша ден қойды. Ел өміріндегі маңызды оқиғаларды терең талдап, өзекті мәселелерді көрерменге жедел әрі шынайы жеткізуге үлес қосты.
Индира Орынбайқызы өз ісіне адалдығымен әріптестерінің құрметіне бөленді. Оның журналистика саласындағы еңбегі кәсіби байқауларда да жоғары бағаланды.
Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты жанның жарқын бейнесі туған халқының жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.
Марқұмның жаны жәннатта жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







