Белгілі ақын, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мейірхан Ақдәулетұлы «Әдебиет порталының» «Сәті түскен сұхбат» бағдарламасында қазақ руханиятының ахуалы, қазіргі зиялы қауымның деңгейі және кезінде дүркіреп шыққан «Алтын Орда» газетінің құрылу тарихы туралы сыр шертті. Қаламгер ұлттық элитаның бүгінгі болмысына сын көзбен қарап, қоғамдағы жағымпаздық пен орынсыз мақтаннан арылу керектігін қадап айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Сіз маған бастық болмайсыз»: «Алтын Орда» қалай құрылды?
Тоқсаныншы жылдардың басындағы ауыр кезеңде Алматыдағы қаржылық қиындықтар қаламгерді туған жері Ақтөбеге оралуға мәжбүр еткен. Сол тұста өңір басшылығы тарапынан жаңа басылым құру туралы ұсыныс түскен еді. Ақын әкімдікке бағынышты болмау үшін алдын ала қатаң талаптар қойып, сөз бостандығын толық қамтамасыз етуді көздегенін еске алды.
Ол кезде облыс тізгінін ұстаған Аслан Мусинге қойылған шарттар аталған басылымның еркін форматта жарық көруіне жол ашты.
«Сол уақытта Ақтөбеге әкім болған Аслан Мусин мені шақырып, газет ашуды ұсынды. Мен келістім, бірақ алдына нақты шарт қойдым. „Сіз маған бастық болмайсыз. Қызметкерлерді тек өзім таңдаймын және облыс туралы кішкентай да мадақ мақала бермеймін“ дедім. Ол кісі келісті. Соның арқасында біз үлкен еркіндікке ие болдық. Нәтижесінде 16 беттік газетіміз Астанадан бастап Алматыға дейін, күллі республикаға тарап, халық іздеп оқитын сүйікті басылымға айналды», – деді ол.
«Алаштан кейінгі бостық»: Ұлттық элитаның бүгінгі деңгейі
Қаламгер қазіргі қоғамдағы жетекші топтар мен зиялы қауымның негізгі кемшіліктерін ашық сынға алды. Оның пайымдауынша, кеңестік билік кезеңінде ұлттың беткеұстар тұлғалары жаппай жойылғандықтан, рухани және саяси сабақтастық үзіліп қалды. Тарихи жарақаттың салдары бүгінгі таңда да айқын көрініс табуда.
Публицист қазіргі зиялылар мен шенеуніктердің көбі мемлекеттік деңгейде ойлаудан гөрі жеке бастың күйбең тірлігінен аса алмай қалғанын баяндады.
«Біздің қазіргі элитамыз өте нашар. Неге олай? Кезінде большевиктер қазақтың көзін ашып отырған Алаш арыстарын, байлар мен дін өкілдерін, Тұрар Рысқұлов бастаған мемлекетшіл азаматтарымызды түгел қырып жіберді. Нағыз ұлтжанды тұлғалардан ештеңе қалдырмады. Соның салдарынан бүгінде елді алға сүйрейтін кемел элита толық қалыптаса алмай отыр. Қазір көбінің деңгейі күнделікті күйбең тірліктен, үйге нан мен көлік әкелуден, тамыр-таныстықпен біреуді қызметке қоюдан әрі аспайды», – деп налыды қаламгер.
Бос мақтанды доғарып, кемшілікті бетке айту керек
Мейірхан Ақдәулетұлы ел ішіндегі жалаң ұрандар мен жалған мақтанышты тоқтатуға үндеді. Нағыз зиялы тұлға билікке жағынуды немесе атақ-марапат жинауды емес, елдің ертеңін ойлап, келеңсіздіктерге араша түсуді басты міндет санауы тиіс. Жалғыз адамның немесе тек Мемлекет басшысының сөзімен бүкіл мемлекет өзгере салмайтынын, қоғамның өзі оянуы қажет екенін ескертті.
Ақын келешек ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру мәселесін тілге тиек етті.
«Қазақты шектен тыс мақтағанда керемет көреміз. Шындығында бұл бос мақтанды доғару керек. Керісінше, кемшілікті бетке басып, „мынауың нашар, мынауың әлі де жарамайды“ деп қателікті ашық көрсетіп отыру қажет. Нағыз элита халықтың жоқшысы, пайғамбардың орнын басатын жанашыр болуға тиіс. Бастыққа жағымпазданумен, орден алумен тұлға бола алмайсың. Бүгінгі жастар бізден әлдеқайда сауатты, әлемге ашық. Дегенмен оларға дұрыс бағыт-бағдар беретін салмақты рухани мектеп әлі де қажет», – деп түйіндеді Мейірхан Ақдәулетұлы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







