Шығыс Қазақстан облысының экономикасы агроөнеркәсіп, экспорт және инфрақұрылым салаларында жаңа белестерді бағындырып, тұрақты даму жолына түсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өткен жыл өңір үшін жемісті болды. Өнеркәсіп өндірісінің қарқыны жыл басындағы 80,3%-дан жыл соңына қарай 95%-ға дейін артып, экономикадағы сенімді өсімнің дәлелі болды.
Жалпы алғанда, аймақта 3,3 трлн теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2,9 трлн теңгеге жетті. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 11,8% өсіп, жыл соңында 99,1%-ды көрсетті. Мамандардың болжамынша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы өңірлік өнім көлемі 100%-дан асады.
Облыс экономикасының тұрақты драйвері ретінде ауыл шаруашылығы саласын ерекше атап өткен жөн. Ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 554,6 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102% болды.
Шығыс Қазақстан – бал өндірісі бойынша елде көшбасшы өңір. Былтыр бал өндіру көлемі 1,5 есе артып, 3 мың тоннаға жуықтады. Республикадағы балдың жартысынан астамын шығаратын бұл сала экспортқа бағытталған. Венгрияның екі ірі компаниясы өңірдегі бал өндірушілермен серіктестік орнатуға ниетті. «Пасека Буньковых» шаруашылығы «Экспортты акселерация 2025» бағдарламасына қатысса, «Сан Би Алтай» ЖШС Еуропалық комиссияның тізіміне еніп, 27 елге бал өнімдерін экспорттауға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, облыс аквамәдениетті дамыту бойынша да белсенді жұмыс істеуде. 2025 жылы тауарлық балық өндіру көлемі 2,5 мың тоннаға жеткізіледі, бұл қазіргі көрсеткіштен екі есе жоғары. Былтыр Қара Ертіске 51 мыңнан астам сібір тасбақасы жіберіліп, балық өсіру көлемі 2,5 есеге артты.
Өңірге тартылған инвестиция көлемі 838,1 млрд теңгені құрап, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдан 5,2%-ға артқан. Инвестициялардың негізгі бөлігі өнеркәсіп, көлік және қоймалау, денсаулық сақтау салаларына бағытталды. Әсіресе Өскемен қаласы инвестициялық белсенділік орталығына айналды.
Құрылыс қарқыны да бәсеңдеген жоқ. Былтыр 458,8 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, 407,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сауда саласында да өсім байқалды – жалпы сауда айналымы 2,5 трлн теңгеге жетті. Ал сыртқы сауда көлемі 4,4 млрд долларды құрады. Облыстың негізгі сауда серіктестері қатарында Ресей, Қытай, Қырғызстан және Түркия елдері бар.
Контекст
Әлеуметтік салада да жақсы жаңалықтар көп. Былтыр облыс бойынша 28,7 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-дан аспады. Инфрақұрылым саласында 856 шақырым автожол жөнделіп, халықтың орталықтандырылған ауыз сумен қамтылуы 100%-ға жетті.
Шығыс Қазақстанда туризм, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өнеркәсіпті цифрландыру арқылы экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін ел экономикасын екі есе арттыру туралы тапсырмасымен толық үйлеседі. Осы көрсеткіштер ШҚО-ның тұрақты экономикалық өсімін одан әрі нығайтып, жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Алдағы уақытта Шығыс Қазақстанға туристерді тарту ауқымды сипат алмақ. 2026 жылы ішкі туристер санын 534 мыңға, шетелдік қонақтарды 44 мыңға жеткізу жоспарланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

