2026 жылғы 29 қаңтардан бастап республикалық маңызы бар 14 ақылы жол учаскесінде төлемақы есептеу тәртібі жаңарды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
ҚазАвтоЖолдың мәлім еткеніндей енді жолда ақауы анықталған бөліктер уақытша ақылы қашықтықтан алынып тасталады. Соның нәтижесінде жүргізуші төлейтін сома айтарлықтай төмендейді.
Шешімнің логикасы қарапайым: ақы тек талапқа сай, қауіпсіз жол бөлігі үшін ғана алынады. Ал ақауы бар тұстар толық қалпына келтірілгенге дейін тарифке кірмейді.
Жүргізушіге қалай әсер етеді?
Жолдың өзі ақылы болып қала береді, бірақ төлем мөлшері төмендетіліп есептеледі.
«Ең маңыздысы ешқайда барып, өтініш жазудың қажеті жоқ. Төлем жүйесі бәрін автоматты түрде жүргізеді: ақауы бар бөліктерді өзі есептен шығарып, төлемді жаңаша шығарады», — дейді ұлттық оператор.
Демек жүргізуші бұрынғыдан аз төлейді.
Бір мысал
Астана — Теміртау бағытында жеңіл көлік бұрын 410 теңге төлейтін. Ақаулы бөліктер уақытша есептен алынғаннан кейін төлем 360 теңге болады. Яғни жүргізуші жолдың «қалыпты», талапқа сай бөлігі үшін ғана төлейді.
Алдағы жоспар
Компанияның атап өткеніндей тарифті осылайша уақытша өзгерту жолдағы ақау толық жойылғанға дейін сақталады. Ал ақауларды жөндеу жұмыстары биыл жол-құрылыс маусымы басталысымен қолға алынады. Бұдан бөлек, жолдың жай-күйі үнемі бақылауда болады. Кемшілік байқалса, дер кезінде анықтап, жоюға мүмкіндік жасалады.
Төлем мөлшерлемелері қайта есептелетін 14 учаске:
- 1. Көкшетау – Петропавл
- 2. Павлодар – Семей – Қалбатау
- 3. Павлодар – Омбы
- 4. Астана – Теміртау
- 5. Алматы – Қонаев
- 6. Қонаев – Талдықорған
- 7. Шымкент – Қызылорда
- 8. Орал – Самара
- 9. Орал – Саратов
- 10. Астана – Павлодар
- 11. Қызылорда – Арал
- 12. Ақтөбе – Орынбор
- 13. Қостанай – Троицк
- 14. Тараз – Қайнар
Еске сала кетейік, былтырғы жылдың 15 қыркүйегінен бастап елімізде ақылы жолдардағы төлем тәртібіне өзгерістер енгізілген еді. Егер жол учаскелері талапқа сәйкес келмесе, жалпы тариф аталған ақаулы бөліктердің ұзындығын шегере отырып есептелуі тиіс болатын.
Алайда бұл тәртіп ресми құжат күйінде ғана қалып, ұлттық оператор нақты тарифтерді белгілеу үшін алдымен ақылы жолдардың жай-күйін анықтайтын арнайы сараптама жүргізуі қажет болды. Биыл қаңтар айының соңында сараптама аяқталып, 29 қаңтардан бастап кейбір жолдарға жаңа, төмендетілген тарифтер енгізілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

