Жыл басынан бері Қазақстанда қызылшаға шалдыққандар саны 1951 адамға жетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысында айтылған мәлімет бойынша, сырқат негізінен бес жасқа дейінгі балалар арасында кең тарап отыр. Ауру жұқтырғандардың дені екпе алмағандар болып шықты.
Қызылша індеті әсіресе Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл мен Атырау облыстарында көп тіркелген.
2024 жылмен салыстырғанда сырқат көрсеткіші 85 пайызға төмендегенімен, вакцинация деңгейінің әлі де төмендігі эпидемиологиялық қауіп-қатерді күшейтіп отыр дейді мамандар.
Бірқатар өңірде екпе салу көрсеткіші жоспардан төмен. Әсіресе Маңғыстау облысында жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Денсаулық сақтау саласының мамандары вакцинамен қамту ісін күшейтпесе, аурудың қайта өршу қаупі сейілмейтінін ескертіп жатыр.
Бұған дейін Денсаумин вакцинацияға қатысты жаппай жалған мәлімет беру фактілерінің де анықталғанын хабарлаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

