Бүгін Ақтау қаласында еліміз бойынша екінші болып саналатын заманауи үлгідегі жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының жаңа ғимараты ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, медицина ардагерлері мен өңір дәрігерлері қатысты.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа станцияның ашылуымен құттықтап, бұл әлеуметтік нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Бас прокуратураның қайтарған активтері есебінен және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен салынғанын атап өтті.
– Бүгін Маңғыстау жұртшылығы үшін аса маңызды әрі қуанышты оқиға. Заманауи медициналық нысан өңір тұрғындарына жедел көмектің қолжетімділігін арттырып, халыққа сапалы әрі уақытылы қызмет көрсетуге жол ашады. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық, жаңа орталық жұмыстарыңызды жеңілдетіп, кәсіби деңгейлеріңізді арттыруға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жаңа станцияның қуаты жылына 100 мың шақыртуға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Ғимаратта орталықтандырылған диспетчерлік қызмет, оқу-практикалық және симуляциялық орталық, сонымен қатар 20 санитарлық көлікке арналған жылы гараж қарастырылған.
2025 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына заманауи құралдармен жабдықталған 32 санитарлық автокөлік сатып алынған. Оған қоса, «NCOC» компаниясының демеушілігімен қосымша тағы 20 автокөлік берілді. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ақтауда ашылған бұл заманауи станцияның басты ерекшелігі – дәрігерлердің жұмыс істеуіне толық жағдай жасалуы. Осы үлгідегі медициналық мекемелер алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де бой көтермек.
Бұған дейінде Маңғыстау облысында Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан бастамаларын талқыланғанын тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

