Күнделікті 2-3 шыныаяқ кофе немесе 1-2 шыныаяқ шай ішу мидың жұмысына пайдасы зор әдет екені белгілі болды. Гарвард университетінің ғалымдары 43 жыл бойы жүргізген ауқымды зерттеу нәтижесінде осындай шешімге келіп отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Эпидемиолог Ю Чжан жетекшілік еткен зерттеу тобы кофеинді қалыпты мөлшерде тұтыну деменция қаупін азайтып, есте сақтау қабілетін жақсартатынын анықтады. Ғалымдар 130 мыңнан астам медицина қызметкерінің тамақтану әдетін зерттеп, когнитивті қабілеттерін тұрақты бақылап отырған.
Нәтижесінде, күн сайын 2-3 шыны кофе ішкендердің есте сақтау қабілеті өзгелерге қарағанда баяу төмендеген.
Тіпті күніне бес шыныға дейін кофе ішкендердің өзінде деменция қаупі кофеинді мүлде пайдаланбайтындарға қарағанда 18 пайызға төмен болған.
«Кофеиннің тіпті аз мөлшерінің өзі мидың саулығына пайдалы болып шықты. Дегенмен бұл зерттеу тек бақылау арқылы жасалды, яғни кофе мен мидың саулығы арасында нақты себеп-салдар байланысын әлі дәлелдеу керек», – деп түсіндірді Глазго университетінің кардиометаболикалық медицина маманы Навид Саттар.
Ғалымдар зерттеуді әзірге алдын ала қорытынды деп бағалайды. Дегенмен, қалыпты мөлшерде кофе ішудің адам денсаулығына, әсіресе есте сақтау қабілетіне оң ықпалы барын жоққа шығару қиын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

