Кентауда соңғы үш жылда 200-ге жуық көпқабатты тұрғын үй жөнделіп, қаладағы тұрғын үй қорының 85 пайызы жаңғыртылғанын Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өткен жылы 5 қабатты 60 пәтерлі әлеуметтік несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жеке мердігер есебінен 3 қабатты 30 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілген. Тұрғын үй инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы бұл қадамдар шаһардың сәулеттік келбетін ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықты да нығайтуға ықпал етіп отыр.
Қалада жалпы құны 234,6 млрд теңгеге бағаланған 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өндіріс орындары толық іске қосылған кезде 1 768 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Индустриялық серпін беру мақсатында Арнайы экономикалық аймақ пен Индустриалды аймақ жұмыс істеп тұр.
Арнайы экономикалық аймақта құны 5,1 млрд теңгені құрайтын үш жоба іске қосылып, 310 жұмыс орны құрылған. Биыл қосымша 8 млрд теңгеге төрт жоба жүзеге асып, 430 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Индустриалды аймақта өткен жылы 2,7 млрд теңгеге жеті жоба іске асып, 184 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі уақытта 3,3 млрд теңгеге үш жобаның құрылысы жүріп жатыр, нәтижесінде тағы 150 жұмыс орны ашылады.
Өндірістік жобалардың ішінде интернет желісіне арналған оптикалық кабель шығаратын «KENTAU CABLE INDUSTRIES» зауытының құрылысы бар. Жоба құны 1 млрд теңге, 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ құрал-жабдықтарға арналған металл шкафтарын құрастыратын «ELECTROCORE» кәсіпорны 60 адамға жұмыс орнын ұсынбақ.
Құны 5,5 млрд теңгеге бағаланған «TURAN SHENHUA» тоңазытқыш шығаратын зауыт жобасы іске асқанда 250 азамат еңбек етеді. Индустриалды аймақта темір торлар, құрылыс блоктары және асфальт-бетон қоспаларын өндіретін кәсіпорындар да жұмысын кеңейтуде.
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 101,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 17,5 пайызға жоғары. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 33,8 млрд теңге болса, өнеркәсіп өнімінің көлемі 59 млрд теңгені құраған.
Туризм саласында екі қонақ үй кешенін салу және Хантағы ауылында жеңіл конструкциялы «Khantau» глэмпинг демалыс аймағын ашу көзделген. Сонымен қатар «Қаратау» қорығы аумағында құны 150 млн теңге болатын туристерге арналған «Визит орталығы» жобасы жүзеге асырылмақ.
Контекст
Инфрақұрылым бағытында қала тұрғындарының 94 пайызы табиғи газға қосылған. Жылу қазандықтарының тозу деңгейі 87 пайыздан 25 пайызға дейін төмендеген. Тұрғындар 100 пайыз ауызсумен қамтылған, 78,1 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Қала көшелерінің жарықтандырылуы толық қамтылған. Кентау және оған қарасты ауылдарда жалпы ұзындығы 365 шақырымды құрайтын 416 көше бар. Өткен жылы 16,5 шақырым жол орташа жөндеуден өтіп, жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 90,5 пайызға жеткен.
Еңбек нарығында былтыр 6 327 азамат тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқан. Субсидияланатын жұмыс орындарына 1 570 тұрғын жіберілген. Жаңа бизнес бастамаларын қолдау мақсатында 89 азамат мемлекеттік грант алған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

