Қырғыз президенті Садыр Жапаров жақын серігі, ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Қамшыбек Тәшиевке туралы пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Kabar агенттігімен сауалдасқан президент Тәшиевті орнынан түсіргеннен кейін ел екіге жарылады деген әңгімені жоққа шығарды.
«Тәшиев екеуміз тіл табыспасақ Қырғызстан солтүстік-оңтүстікке бөлініп кетеді деген арандатуға жол бермеймін. Мұның артында өз мүддесін күйттеген топтардың әрекеті тұр. Саясатқа алғаш қадам басқанда, министрліктердің өзі екіге бөлініп жұмыс істейтінін көріп, жүрегім ауырған. Сол кезде «президент болсам, елді осы дерттен арылтам» деп өзіме серт бергенмін», – дейді Жапаров.
Айтуынша, мәселені ушықтырып отырған президентті тақтан тайдыруды көздейтін саясаткерлер.
Тәшиевке өкпелі ме?
Жапаров үзеңгілес досы, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің экс-басшысы Қамшыбек Тәшиевке өкпе артпайтынын айтып отыр.
«Біз бе, біз дос болып қала береміз. Алайда ендігіде ол (Тәшиев) мемлекеттік қызметке қайтып келмейді. Досым демалсын, денсаулығына көңіл бөлсін. Төңірегіндегі «ақсақал-көксақалдардан» тазарсын. Тергеу біраз нәрсенің басын ашады. Ренжіді ме? Әрине, ренжиді. Бірақ бірнеше жылдан кейін осы шешіміме алғыс айтатын болады», – деді Жапаров.
«Биліктегі Тәшиевтің адамдарын тазарту операциясы басталды ма» деген сауалға президент екіұшты жауап қатыпты.
«Бүкіл министрліктерді асты-үстіне түсіп, тексеріс жүргіземіз. Ұрлағаны әшкере болса, ешкімге аяушылық танытпаймыз. Абырой болғанда, ешбір туыс-туғанымды билікке жолатқан жоқпын», – деді ол.
Жапаровтың ұстанымы қандай?
Сұхбат барысында президент билікті күшпен емес, ақылмен басқару керектігін ескертіпті. Сөзінше, бұрынғы басшылардың қателігінен сабақ алу қажет.
«Халықты білектің күшімен басқарғысы келген Бәкиев пен Атамбаев қайда қазір? Елде төңкеріске жол берілмейді, жағдайды жіті бақылауда ұстап отырмын. Тәуліктің 20 сағатын жұмыста өткіземін», – деді ол.
Сөз арасында Жапаров Тәшиевті де түйреп өтіпті. Қылмыс пен жемқорлыққа қарсы күресте күштік құрылымдарға «пиарсыз, маска-шоусыз, кәсіби жұмыс істеңдер» деген тапсырма берген екен. Сұхбат соңында президент талай жыл бойғы үзеңгілесімен кездескенін де растапты.
«Кеше кешкісін жолықтық. «Демал, денсаулығыңды күт» дедім. Айтуынша, «ақсақал-көксақалдармен» ешқандай байланысы болмаған. Олар досыма айтпай, өздерінше әрекет еткен», – деді президент.
Контекст
Жапаровтың «ақсақалы мен көксақалы» күні кешегі «генерал Тәшиевтың командасына өтіңдер» деген біраз адам қол қойған атышулы хат туралы болса керек.
Жапаровтың өзі осы туралы: «Олар депутаттарға және түрлі тұлғаларға шығып, «генерал жағына шығыңдар, мынаған қол қойып, былай істейік» деп түрлі әрекетке итермеледі. Бұл ел ішінде, саяси қызметкерлер арасында алауыздық туындауына түрткі болды», – деп мәлімдеген.
Айта кетелік, түнеукүні қырғыз билігінің ең жоғары эшелонында «төңкеріске ұқсас» ауыс-түйіс болған. Президент Жапаров Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Тәшиевті орнынан қозғаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

